Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнындағы №2 газ өңдеу зауытынан өрт шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
1 мамыр сағат 15:55 шамасында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында УПЛУ-1 (жеңіл көмірсутектер алу қондырғысы) өртенді.
Күйік шалған 4 жұмысшы тез арада Темір ауданы орталық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр, - делінген хабарламада.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен облыстық ТЖД өкілдері оқиға орнын әуеден тексерді. Өрт сөндіру бойынша жедел штаб құрылды. Қызыл жалынды сөндіруге 52 құтқарушы мен 9 техника жұмылдырылды.
Оқиғаның себеп-салдары анықталады. Өрт 2 мамыр таңғы сағат 06.20-да толықтай сөндірілді.