Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 13 отбасыға үй берілді

13 Мамыр, 21:11 764

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Әйтеке би ауданының тұрғындарына үй сатып алынды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, еріген судан үйлері апатты жағдайда қалған тағы 8 отбасы баспананы өздері таңдаған. Екі апта бұрын бес әйтекебилік отбасы жаңа қонысқа көшкен еді.   

Негізі, аудан бойынша 150-ге жуық арыз түсті. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтініші негізінде құрылған комиссия әр үйге техникалық бақылау жүргізді. Нәтижесінде 48 үй жарамсыз деп танылды. Соның ішінде 21 отбасы екінші нарықтағы, дайын пәтерлерді сатып алуға ынталы екендіктерін жеткізді. Қалғанына үй жаңадан салынады.   

Осыдан екі апта бұрын біз «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен бес тұрғынға жаңа үй сатып алып берген болсақ, бүгінгі таңда, міне  тағы да сегіз отбасыға үй сатып алып бердік. Енді келесі аптада тағы да жеті-сегіз отбасының құжаттарын түгелдей дайындап болғаннан кейін, сатып алу рәсімі жүргізіледі. Мұнымен дайын баспана сатып алғысы келетіндердің мәселесі шешіледі, қалған жерлестерімізге жаңадан үй саламыз, - деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.   

Тұрғын үйлерді салу жұмыстары ауданда басталып кетті. Үш құрылыс компаниясы үш айда барлық құрылыс жұмыстарын аяқтауы тиіс.

Перизат Саденова
Бөлісу: