Ақтөбе облысында су тасқынынан кейін 100-ден астам отбасы жаңа үйдің кілтін алды

30 Тамыз, 22:13 514

Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккен 117 отбасы жайлы жаңа үйлердің кілттерін алды. Облыстық әкімдік мәліметінше, қобда ауылында 100 үй, одан бөлек Жарық ауылында тағы 17 үй бой көтерді, олардың барлығы да Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аумағы 80 шаршы метрді құрайтын әр үй, автономды жылытуға арналған санитарлық тораптар мен қазандықтарды қоса алғанда, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жаңа қоныс иелеріне кілт тапсырған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров апаттан зардап шеккендер мемлекет пен жеке кәсіпкерлерден көмек уақытылы берілгенін атап өтті.

Біз тасқын судан кейін басымызға түскен қиындыққа бей-жай қарамаған кәсіпкерлерге облысымызды қалпына келтіруге қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз. Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар қиын кезеңдерде бірігудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қалыпты өмірге оралған жаңа қоныс иелерінің қуанышы біздің өңіріміздің игілігі үшін әрі қарай ынтымақтастықта жұмыс істеуге жігерлендіреді, - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Жаңа баспананың кілтін алғандардың көпшілігі туыстарымен уақытша тұрды немесе пәтер жалдап келді. Қобда ауданында 30 жылдан астам тұрып жатқан төрт баланың анасы Жадыра Аяпбергенова өз әсерімен бөлісті.

Су тасқыны кезінде үйдің ішіне кірген су 20 сантиметрге дейін көтерілді, біз қолымызда бар дүниемізді  бір сәтте жоғалттық. Меценаттар мен мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа үйге кіріп жатырмыз, жаңа үміт пайда болды. Көрсетілген көмекке өте ризамыз. Бізге үй ұнады, құрылыс процесін бақылап, бас-қасында болдық. Үйімізде жылыту және санитарлық тораптарды қоса алғанда, жайлы өмір сүру үшін бәрі бар, – деді ол.

Таяу күндері қор тағы да аудандағы 30 үйдің кілтін табыстайды, бұл Ақтөбе облысында 400-ден астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жобаны толығымен аяқтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін өңір тұрғындарына Ақтөбе қаласынан 106 пәтер және облыстың түрлі аудандарынан 162 үй берілген еді.

Зарина Арман
Бөлісу: