Ақтөбе облысында ғұн дәуіріне қатысы бар ескерткіштер зерттелмек

21 Мамыр 2023, 17:53 1466

Ақтөбе облысында 2023 жылы ғұн дәуіріне тиесілі ескерткіштерді ​ зерттеу жұмысына басымдық беріліп, 200-ге жуық адам жұмылдырылады, деп хабарлайды  Еl.kz ақпарат агенттігі.

Қазақпараттың жазуынша, өңірде 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданған. Соған байланысты 14 жоба іске асырылмақ. Жоспар бойынша 12-і археологиялық зерттеу жұмысы. Этнограциялық зерттеу де жүргізілетіні айтылды.  

Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет пен музей күш жұмылдырады. Өңірде маусым айының 1-нен бастап қазба жұмыстары басталады. Барлығы бес экспедиция жүргізіледі. Соңғы уақытқа дейін біздің өңірде ғұн дәуіріне қатысты дерек аз болды. Бірақ зерттеу жүргізілген жерде олжа мол. Сондықтан кешенді зерттеу мәселесі қозғалды. Күшті осы бағытқа саламыз. Барлығы алты аудан территориясы қаралады. Олардың қатарында Ойыл, Қобда, Мұғалжар, Әйтеке би, Ырғыз және Хромтау аудандары бар. Нәтижесін 28-29 қыркүйекте болатын халықаралық ғылыми конференцияда айтамыз, - деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Қазіргі  уақытта өңір аумағында ғұн дәуіріне жататын 400-ге жуық ескерткіш белгіленіп отыр.  

Қобда ауданындағы Дәрбісәлі қорымы, Ойыл ауданындағы Ақбұлақ қорымы, Әйтеке би ауданында Аққисық қорымы ғұн дәуіріне жатады. Бұдан бөлек Мұғалжар ауданында Төлеубұлақ кешенінде сармат дәуірінің ескерткіштері зерттеледі. Осы жұмыстарға академиялық институттардың қызметкерлері жұмылдырылады. Жобамен 200-ге жуық адам үш ай жұмыс істеп, қорытындылаймыз. Деректі фильм түсіріліп, монографиялар жазылады. Ғылыми мақалалар да болады. Шетелдік зертханаларға шығып, талдамалар жүргіземіз, - деді Мейрам Дүйсенғали.

Осыдан алты жыл бұрын Ақтөбеде ғұн дәуіріне жататын дәулетті адам жерленген қорым кездейсоқ табылды. Биыл сол кезде табылған ат әбзелдері мен әшекейлер толық қалпына келтірілетін болады. 

Асқар Таудай
Бөлісу: