Ақтөбе облысында бір отар қоймен бірге жоғалған малшы аман табылды

8 Желтоқсан 2023, 19:47 1141

Ақтөбе облысында полицейлер жоғалған шопанды және 150 бас қойды тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде шаруа қожалықтарын аралап, рейдтік жұмыстар жүргізу барысында 6 желтоқсанда Қобда ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне барған полицейлерге қожалық басшысы малшысының және 150 бас қойының жоғалғаны туралы арызданды. Оның айтуынша, далада қой бағып кеткен шопанды қойларымен таба алмағанына екінші күн болған. Бірінші күні фермер іздеу жұмыстарын өз күшімен жүргізген, алайда оң нәтиже бермеген соң, полицияға хабарламақ болған.

Полиция қызметкерлері дереу жоғалған шопанды іздеуге кірісті. Іздеуге 20 адам мен бірнеше техника жұмылдырылды, бұл - полиция, төтенше жағдайлар және аудан әкімдігінің қызметкерлері, 5 бірлік автокөлік пен дрон.

Іздеу іс-шаралары барысында далалықтар, жыралар мен орман белдеулері тексерілді. 7 желтоқсан күні кешке полиция қызметкерлері шаруа қожалығынан 25 км қашықтықта қойларды шаруашылыққа қарай айдап бара жатқан шопанды тапты.

Берік Арманов
Бөлісу: