Ақтөбе облысында әйелін пышақтап өлтірген ер адам 11 жылға сотталды

10 Қыркүйек, 09:20 452

Ақтөбе облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 9 қыркүйекте қызғаныштан әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған ер адамды кінәлі деп тауып, оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сотта Мартук ауылында 2024 жылы 21 маусымда түнгі уақытта өз үйінің ауласында сотталушы мен әйелі арасында сөзге келіспеушілік туындағаны, сотталушы алкогольдік масаң күйде қызғаныштан әйелінің шашынан ұстап, оның мойын тұсына пышақпен бір рет соққы жасағаны анықталды. Одан кейін де В. жәбірленушіге бірнеше рет пышақ сілтеген, салдарынан әйел қылмыс орнында көз жұмған.

Сотталушы өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, әйелін қызғаныштан өлтіргенін және жасаған қылмысы үшін шын өкінетінін айтты.

Соттың үкімімен В. кінәлі деп танылып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеу белгіленді. Сотталғаннан жәбірленуші өкілінің пайдасына моральдық өтемақы есебіне 10 000 000 теңге өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: