Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары газға уланып қалды

5 Қыркүйек 2023, 10:32 1084

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары газға уланып ауруханаға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

4 қыркүйекте Кеңқияқ, Саркөл, Шұбарши тұрғындарынан газдың өткір иісіне шағымдар түсе бастаған. Алдын ала анықталғандай, Шұбарши газ тарату станциясының жұмысы толығымен тоқтап қалғаннан кейін, оны жөндеу бойынша жоспарлы ажырату жүргізілген.

Газ тоқтатылып, бұрандалы кран ауыстырылғаннан соң талапқа сай, жүйеге өткір иісі бар «одорант» деп аталатын газ жіберілген. Халық осы газдың иісіне шағымданған.

Жергілікті тұрғындардың шағымдары түскеннен кейін «Техногаз» ЖШС мамандары Кеңқияқ, Саркөл ауылдарының тұрғын үйлерін аралап шықты. Нәтижесінде газдың таралу деректері анықталған жоқ.Ал Кеңқияқ ауылының ауруханасына 8 тұрғын газбен улану белгілерімен жүгінді. Қазіргі уақытта барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Басқа зардап шеккендер жоқ.Осы дерек бойынша экология, СЭС және Төтенше жағдайлар департаменті уақытылы хабардар етілді. Жағдай бақылауда, - делінген хабарламада.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: