Қостанай облысына жұмыс сапары барысында премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Әлихан Смайылов былтыр қолайсыз табиғи-климаттық жағдайларға байланысты агроөнеркәсіптік кешен үшін ерекше күрделі жыл болғанын атап өтті.
Биылғы жылға облыс фермерлері үшін бюджеттен 57 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 38 млрд теңге субсидия түрінде бөлінген. Әкімдік көктемгі егісті жүргізу үшін барлық шараларды уақтылы қабылдауы қажет, — деді ол.
Премьер-министр өңірдің климаттық жағдайлары мен экономикалық тұрғыдан мақсатқа сәйкестігін ескере отырып, ірі сүт-тауар фермаларын дамытуға қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін жаңа газ құбырын салу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және QazaqGaz-бен бірге осы бағытта жұмысты жеделдетуі қажет. Әкімдік өңірді газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етуді ескере отырып, инвесторлармен олардың жобаларын іске асыруды үйлестіру бойынша жұмыс жүргізуі тиіс, — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ кеңес барысында логистиканы дамыту мәселесі қаралды.
Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 66 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Өңір үшін маңызды жоба «Қостанай – Денисовка» автожолы күрделі жөндеуден өтті. Республикалық автожолдар учаскелері бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Олар – «Ұзынкөл – Троебратское», «Сарыкөл – Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы» және Ұлытау облысының шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі автожолдар. Ағымдағы жобалар аяқталған соң алдағы уақытта «Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолын реконструкциялау жоспарлануда, — деді премьер-министр.