Ақтөбе облысы: Ырғыз ауданында 134 үйдің құрылысы жүргізілуде

25 Маусым, 01:14 558

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапары аясында Ырғыз ауданының Нұра және Ырғыз ауылдарындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен аудан тұрғындар үшін 134 үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде Нұра ауылында салынып жатқан 74 үйге коммуникациялар (газ, жарық, су) жеткізілуде. Сондай-ақ Ырғыз қаласында белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде, онда 50 үй салынуда. Құрылысқа 11 құрылыс компаниясы тартылған.

27 отбасы үшін дайын баспана сатып алынды. 6 үйде құрылыс жұмыстары аяқталуда.

Сапар барысында мердігерлерге жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу, сонымен бірге сапаға назар аудару тапсырылды.

Сонымен қатар, Қуандық Қажкенов Т.Жүргенов ауылында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналып салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Темірбек Жүргенов ауылы – биылғы су тасқынынан ең көп шығынға ұшыраған Әйтеке би ауданындағы ауылдардың бірі. Қазіргі уақытта суға кеткен 104 үйдің 64-іне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінді. 21-і екінші нарықтан тұрғындардың өз қалауымен сатып алынды, оған Болат Өтемұратов және Dar Charity қорлары демеушілік етті. 20 үйді 3 компания Bi Group компаниясының жеке қор қаражатына бірлесіп салып жатыр.

Жалпы, Әйтеке би ауданында 115 үй қарғын судың астында қалды. Т.Жүргенов ауылымен қоса, Құмқұдық және Жамбыл ауылында табиғи апаттан зардап шеккендер үшін де 6 үй бой көтеруде. Бұдан бөлек, 117 тұрғынға біржолғы төлем төленді, 70 тұрғын бүлінген мүлкіне тиісілі қаржысын алды, 65 өлген малы үшін шаруаларға шығын өтелді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында барлығы 4 087 объектіге техникалық тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша:

- 517 үй салу - 517 басталды;

- 486 үй сатып алу - 331 сатып алынды;

- 3084 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу - 2156 аяқталды.

Инфрақұрылымды тез қалпына келтіру және тұрғындарды қысқа мерзімде жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Зарина Арман
Бөлісу: