Ақтаудағы ботаникалық бақ ұлттық саябаққа айналуы мүмкін

26 Тамыз 2023, 11:20 1899

Маңғыстау облысы еліміздегі ең шөлейт аймақтың бірі. Соған қарамастан көгалдандыру жұмыстарының көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл ретте өсімдіктер коллекциясын ұсынып отырған Ақтаудағы ботаникалық бақ ұжымының еңбегі ерен. Қала орталығындағы ботаникалық бақтың 50 жылдан астам тарихы бар. Бір шағын ауданның аумағын алып жатқан бақ ұжымы жыл сайын облыс орталығы мен өзге де елдімекендерде тал көшеттерінің көптеп отырғызылуына ұйытқы болып келеді. Осы орайда іргелі ұжымның басшысы Ақжүніс Иманбаева El.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне арнайы сұхбат берді.

El.kz: Ақжүніс Алтайқызы, қазіргі уақытта ботаникалық бақтың ахуалы қалай? Қала бойынша көгалдандыру жұмыстарына сіз басқаратын ғылыми ұжым қандай жұмыстар атқарып жатыр?

Ақжүніс Алтайқызы: Соңғы бес жылдың айналасында көгалдандыру жұмыстарын бәсекелестік ортаға береміз деп мемлекеттік сатып алу заңына байланысты жағдай қиындай түскені рас. Соның салдарынан көптеген ағаштар қурап, оларды кесіп тастады. 20-30 пайыз ағашты жоғалтып алдықдеуге болады. Себебі, кәсіби мамандар айналыспағандықтан күтімі дұрыс болмады. Соңғы жылдары тіпті ағаш еккен жоқдеуге болады. Мысалы, зағиптар қауымдастығы мемлекеттік сатып алу конкурсында тендерді жеңгенімен, олар ағаштардың күтімін субмердігер компанияға береді. Сонымен конкурс өтемін дегенше мамыр айы болады. Келісімшартқа отырамызғанша тамыз келіп жетеді. Осылай созбалақтап жүргенде 3-4 жылда ағаштардың жайы мүшкіл болғаны рас. 2021 жылы облыста көгалдандыру мәселесі Президентке дейін жетті. Сол кезде мемлекет басшысы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа тапсырма беріп, проблеманы шешіп, жақсы нәтижеге жеткізуді ұсынған болатын. Кейін облыс әкімі ботаникалық баққа келіп, бізден осыған қатысты арнайы ұсыныс сұрады. Біз әр түрлі жолдарын қарастырдық. Біріншіден көгалдандырумен айналысатын шаруашылық үлгісіндегі мемлекеттік мекеме болса. Ондай мекеме заң бойынша болмайды екен. Одан кейін көгалдандыруды зағиптар қоғамына беруге болмайды ғой. Неге десеңіз, қалай зағип адамтар қауіпті жұмысты қалай атқарады? Бұл ақылға сыймайтын дүние. Содан кейін Мемлекеттік-жекешелік әріптестік құру туралы идеялар айтылып жүрді. Кәсіпкерлерден мемлекеттік-жекешелік әріптестік жасаса деген мәселемен ботаникалық баққа ұсыныспен айтылған еді. Кейін біз айтқан идеяны тыңдаған облыс ботаникалық бақтың ұсынысын тыңдады. Сол жолда «Ақбота» мемлекеттік кәсіпорнымен жұмысты жалғастыра бердік. Соның нәтижесінде былтыр 5 мыңдай қылқан жапырақты, 6-7 мың жапырақты тал көшеттері отырғызылды. Әуежайдың жолынан бастап ботаникалық баққа дейінгі аралықтағы көшеттер егілді. Бұған дейін 34-ші шағын аудандағы ағаш болмаған еді. Сол жерге біз бақ өсіріп, қазір жұмыстарын атқарып жатырмыз. Былтыр ақпан айының 25-нен бастап, маусымға дейін ағаш отырғызылса, екінші легі күзде жалғасын тапты. Әрине, ол кезде облыс әкімі ботаникалық бақ мониторинг мекемесі болып кірсін деген ұсыныс жасады. Бірінші рет Ақтау қаласының тарихында көгалдандыру жұмыстарына ғылыми-зерттеу орталығы мониторинг жасайтын болып шешілді. Мен сол кісілердің ағаштардың күтімін қалай жүргізіп жатқанын бақылап отыруымызды мемлектеттік-жекешелік әріптестік туралы бір пунктке енгізді. Сол себепті біз мемлекеттік мекеме ретінде 17 млн теңге ақшаның игерілуін қадағалап отырамыз. Күн сайын сауарылмаған ағаштарды анықтап, көгалдандыруды назарда ұстаймыз.  Күн сайын бақ қызметкерлерін жіберіп, аумақты қарап отырамыз. Күн ыстық кездері уақытылы сауармаса ағаштар бірден солып қалады. Қалаға су жетпей, ағаштарды суаруға су бермеген кездер болды. Кейін суды көлікпен тасып жүрді. Бұл мәселенің шешімі емес. Себебі оның бағасы қымбатқа түседі. 


El.kz: Қаланы көгалдандыру аясында негізінен қандай ағаштар отырғызылады?
Ақжүніс Алтайқызы: Біздің бақтың арнайы жасаған ассортименті бар. Өзіміздің ғылыми түрде бекітілген тізім жасалды. Жалпы, бақ өсімдіктердің ассортиментін жасақтау үшін құрылған. 1962 жылы кен орындарын игеру кезінде өңірде бірде-бір ағаш болмаған. Ресей мен Әзірбайжаннан келген мамандар Маңғыстаудың ыстығына шыдамаған. «Маңғыстауға барлығын әкелуге болады. Тек ағаш көлеңкесін әкелу мүмкін емес» деген қағида сол кезде қалыптасқан. Себебі, кавказдан ағаштарды әкеліп отырғызған болатын. Бәрі жерсінбей, бірден қурап қалған. Сол кездегі дұрыс шешімнің нәтижесінде қазіргі ботаникалық бақиың негізі қаланды. 1972 жылы кен орындарын кең ауқымда игеріле бастағанда елдімекендер құрылып, Маңғыстау облысының аумағында кен орындары көптеп игеріле бастағанда ботаникалық бақ құрылсын деп КСРО-дан шешім шыққан. Романович деген ғалым 35 ағаш пен 25 гүлді ассортиментке енгізген. Соның ішінде ең алғашқы қарлығашы акация мен қараағаштар болды. Қараағаш қазір Маңғыстауда әбден жерсініп, барлық жерге отырғызылды. Кейін теректер тізімге қосылды. Қазір біз олардың қатарын кеңейтіп, 400-ден астам өсімдікті өсіруді енгіздік. Оның үш кезеңге бөліп отырмыз. Бірінші кең ауқымда қолданамыз. Орташа қолдану, үшіншісі экзотикалық өсімдіктер. Оны қаланың көрнекті жерлеріне отырғызып, ұдайы күтімде ұстайды. Суды қамтамасыз етіп, суаруды дұрыстау керек. Шырша ол үшінші топқа кіреді. Себебі, белгілі жерлерге ғана өсіп жатыр. Қарағай екінші топқа жатады. Сондықтан бұл жерде мәселе күтімге байланысты болып отыр.   


El.kz: Ботаникалық бақта қай елдерден әкелінген ағаштар бар? 
Ақжүніс Алтайқызы: Ботаникалық бақта 1200-ден астам өсімдік түрі өсетін болса, соның ішінде әлемнің әр түкпірінен әкеп егілген өсімдіктер бар. Еуропа, Солтүстік Америка, Аустралия елдеріне әкелінген өсімдіктері әкеліп, баққа отырғызылды. Оның ішінде Ақтауда егуге болмайтындары да бар. Олардың ботаникалық бақтың коллекциясында ғылыми түрде зерттеп, биологиялық тұрғыда зерттеп, бірқатар жұмыстарды атқарып жатырмыз. Жыл сайын субтропикалық өсімдіктерді өсіруді қолға алдық. Оны 3-4 жыл бұрын бастадық. Себебі, Маңғыстаудың климаты өзгерді. Жылы ауа температурасы өте ұзақ уақыт болады. Соған қарай ағаштарды жерсіндіруді жаймен әкеле жатырмыз. Дәрілік өсімдіктермен жұмыс істеп жатқанымыз тағы бар. Өзіміздің стратегиялық жарғымыз бойынша бағыттарымыз көп. Ботаникалық бақтың ең маңызды бір проблемасы шөлейт аймақ болғаннан кейін көгалдандыру проблемасы шешу. Сол үшін ассортиментті жасақтау үшін үлкен жұмыстар жасалуда. Соңғы кездері патент жасау үшін сол модельдерге байланысты ғылым қорынан коммерциализацияға жоба алдық. Өсімдіктерді оқшау жерде ыдыста өсіреміз. Ыдыста өзінің субстраты бар. Соған да қайтадан патент алдық. Себебі, өсімдік жақсы өсім байқатты. Қысы-жазы еге береміз. Қазір де оларды өсіріп жатырмыз. Бұдан басқа Алма, шабдалы, слива  алмұрт, облипиха, бүлдірген өседі. Тропикалық өсімдіктер де бар. Бакуде субтропикалық өсімдіктер көп. Біз де содан кейін бақта пальма өсірдік. Соның 7-8-нен біреуі ғана аман өсіп шықты. 

El.kz: Ботаникалық бақтың ғылыми зерттеуінен өткен ағаштар өңірде жерсіндірілді ме?
- Маңғыстауа ондай өсімдіктер өте көп қой. Мәселен, Жаңаөзен қаласында көп отырғызылды. Бейнеу ауданында да егілді. Шетпе кентінің паркін жасадық. Көп көлемде ағаш отырғызылуы соның айғағы. Енді ақтау іргесіндегі Ақшұқыр ауылында жеке компаниямен бірлесе отырып, парк жасақпыз. Субтропикалық ағаштар да бар. Ыстыққа өте шыдамды. Сосын денкорандық акация (Әзірбайжан) жеке үйлерде көп өседі. Ақтаудың кейбір көрнекі жерлерінде таңдаулы түрде отырғызылған. Егер атқарушы билік тарапынан арнайы келісім болса, елдімекендерде ағаштарды көбейтуге болады. Маңғыстау облысында егілген өсімдіктердің барлығы ботаникалық бақтың өсімдіктері. Бірақ соңғы кездері адамдар оларды әркімнің қолынан алып, отырғызады. Алайда олардың көбі нәтижесіз аяқталады. Сондықтан ботаникалық бақтың кеңесін алудың өзіндік маңызы бар. Кеңес дәуірі кезінде ботаникалық бақтың Жаңаөзен, Ералыда филиалдары болды. Тіпті, Атырау облысында да болған. Алайда  олардың барлығы 90-жылдар басында жабылып қалды. Себебі, ол кезде елдімекендерді көгалдандыру саясатына баса мән берілген еді. Біз де кішкентай питомник салып бердік. Соның ішінде ағаштарымызды отырғызатын едік. Қазір ондай жұмыстардың барлығы мемлекеттік сатып алу бойынша жүзеге асатынын жоғарыда айттым. Оның кемшін тұстары көп. Мәселен, кез келген кәсіпкер төмен баға ұсынып, көгалдандыруға жұмыс бағыты сәйкес келмесе де тендерді ұтып алады. Осылайша көгалдандыру жұмыстары жүйесіздікке ұшырап, артынан еш нәтижесіз аяқталады. 
El.kz: Қайбір жылдары Ақтаудағы кейбір шағын аудандарда отырғызылған ағаштар жерсінбей, артынан қурап қалды. Бұл жеке мердігерлер отырғызған ағаштар ғой?
- Әркім егіп, сырнайлатып-кернейлетіп шоу жасайды. Аяғында бізден көмек сұрайды. Олар сөйтіп көптеген теректерді өлтіріп алды. Оларды кім әкеліп отырғызғаны белгісіз. Кейін орнына басқа ағаштар жайғасты. Биыл судың мәселесі тығырыққа тіреп отыр. Себебі көлікпен су тасу ол тиімсіз нұсқа. Ол үшін жүздеген көлік керек. Аз ғана көлік барып-келіп жүргенде шығыны да көбейіп, толық суарып үлгермейді. Олар суды қымбатқа алып жатыр. Баға үш есеге дейін қымбаттап кеткен. Мысалы, көлік жуу орталықтарына суды үздіксіз береді. Ал ағаш суаруға өлшеп береді. Бізде халықты су, тоқпен қамту, санитарлық тазалық болуы керек. Оны бәсекелестікке беріп еді, әркім келіп қала тазалығына бей-жай қарап жүрген жайы бар. Үшінші көгалдандыру мәселесі. Халыққа оттегі мен көлеңке керек. Бұл басты қағида болуы тиіс. 
El.kz: Маңғыстау облысында ағаштар шоғырланып өскен көлемі қанша гектарды қамтиды?
Ақжүніс Алтайқызы:  Қала бойынша ағаш өскен аумақ 2672 гектар болған. Қазір бұл аумақ кеңейіп, қазір 3 мың гектардан асты. Кезінде қоршаған ортаны қорғау министрі өңірге сапарымен келгенде осы туралы айтты. Ботаникалық бақтың шеткі аумағына үй салынып кеткеніне қынжылыс білдірді. Оның шуы көпке созылған. Кезінде ботаникалық бақтың жерінің құжаты дұрыс болмаған тұста жерді иеленіп кеткен. Негізінде оның барлығы заңсыз. Үйді салып, үлескерлерді кіргізіп қойды. Іс сотқа барған кезде шу шығып, орнына компенсация есебінде басқа шағын ауданнан жер берді. 34 шағын аудандағы жер осылай берілген еді. Заңдастыру деген оңай нәрсе емес. Ботаникалық бақтың аумағы 39 гектарды құрайды. Жердің біраз бөлігін кезінде үнсіз ғана әлдекімдер жерді иеленіп алған. Сөйтіп, бір бөлігінде үйлер бой көтерді. Сол үшін кезінде ұзаққа созылған дау-дамай болды. Соттан шықпадық. Прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа күрес департаментінен адамдар келді. Өзім 18 жыл басшылық болғалы бері соңын 10 жылында құжаттар мәселесімен әурелеңге түстік. Мысалы, 2004-2011 жылы дау көп болды. Бақтың аумағын қоршадық. Өзгелер иеленген жердің орынна 34 шағын ауданнан 10 га жер алдық. 
Негізінен, бақ маңына салынып кеткен үйлердің бізге кедергісі көп. Кейде қураған шөптерді жинап, өртейміз. Сол кезде тұрғындар шағым айтып жатады. Содан кейін қала сыртына апаруға мәжбүрміз. Күніне 2-3 машина шөп шығады. Жеке адамдар өздері алып кеткісі келгенімен, олардың көлігін бақ аумағына кіргізе алмаймыз. Себебі, күтімдегі ағаштарды, өсімдіктерді бүлдіреді. 


El.kz: Көгалдандыру бойынша қазіргі жұмыстарға қарай ойыссақ. Кейін мәселеге облыс әкімі араласқан соң шешімін тапты ма?
- Көгалдандыру жұмыстарына қатысты әлі де шу көп. Ағаштарды суару бойынша жауапты мердігер үнемі ескерту алып жүреді. Егер ағаштың мейірін қандырып суарса, 10-12 күнге дейін еркін жетеді. Біз қаладағы ағаштарды күту жұмыстарын тікелей өзімге ала алмаймыз. Онымен тек ботаникалық бақ айналысу үшін заңмен берілуі керек. Өкінішке қарай, әлі де мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз компания мойнына алады. Әуежайдың жолындағы ағаштардың күтімін ғана облыс әкімінің араласуымен ғана баққа берді. Көгалдандыруды бергісі келгенмен, ол мүмкін болмай отыр. Қазір аталған мәселені қала әкіміне тапсырды. Жалпы, облыста, көгалдандыруға жергілікті биліктен жіті назар аударылып отыр. 


El.kz: Маңғыстауда сексеуілді көбейту бойынша қандай жоспарлар бар? Мысалы, Қызылорда облысында құмды аумақтарда аталған ағаш бұтасы көп өседі...
Ақжүніс Алтайқызы: Сексеуілді қазір «Қошқар ата» қалдықтар қоймасында өсіріп жатырмыз. Сол үшін 40 млн теңге бөлінді. 80 гектар аумаққа 100-200 мың сексеуіл отырғыздық. Бірақ оларға суды көлікпен тасып отырмыз. Бейнеу ауданындағы Сам ауылында да сексеуіл орманы бар. Арнайы орман шаруашылығы мекемесі жұмыс істейді. Жалпы, ағаштарды көбейту үшін біздің өлкеде бірінші кезекте суды дұрыс құйса, тамырланып, жақсы өседі. Сексеуілге былтыр маусым мен тамыз ауйында суды тұрақты құйдық. Биыл ыстықтан жаңбыр жаумай бір ай бойы үзіліссіз суаруға мәжбүр болдық. 2022 жылдан басталып, жақсы нәтиже алдық. Кен орындары бойынша Қаламқаста да сексеуіл егілді. Компанияның бұрынғы бас директоры (Д.Хасанов – ред.)  ботаникалық баққа көгалдандыруды тапсырған еді. Кейін Жетібай мен Шетпе арасында ағаш егу жоспарын да ұсынған. Бірақ кейін басшылық ауысқан соң ол жұмыстар тоқтап қалды. Жадпы, өндірістік мекемелер тұщы судыды ұңғымамен шығарса, ағаш егуді жүйелеп, жасыл желекке айналдыруға еш мәселе жоқ.  


El.kz: Ақтаудағы «Ақбота» паркіндегі ағаш отырғызу жұмыстары тоқтап қалған секілді. Оның үстіне балаларға арналған көптеген ойын алаңдары пайда болған...
Ақжүніс Алтайқызы: Кезінде «Ақбота» паркі сенімді басқаруға берілген. Оны алған адамдар бақ ішіне  құрылыс саламақ болды. Кейін әкімдікті алға тартып жүріп, оған тосқауыл болдық. Содан кейін олар бірден мемлекет иелігіне қайтарып берді. Облыс әкіміне ГКП құрып, соларға беруді ұсынған болатынбыз. Халық демалатын орынға айналар еді. 
El.kz: Ботаникалық бақтың аумағына адамдар қай уақыттары кіре алады?
- Біздің бақтың аумағына тек қала тұрғындары мен қонақтары экскурсиямен кіреді. Бір кездері қоғам белсенділері бақтың аумағын қоршауды алып тастасын деді. Егер адамдар өз бетінше кірсе ішін таптап, жас бұталарды таптап, сындырады. Сол үшін оған жол берілмейді. Ақылы түрде бізге келушілер көп. Көбіне күз бен көктем айларында адам көбейеді. Негізінен олардың дені студенттер мен оқушылар. Практикадан өтуші жастар бар. Жалпы, келем дегендерге қай уақытта да шектеу қойылмайды. Ботаникалық ба халықаралық деңгейде ерекше қорғалатын аймаққа кіреді. Ағаштар көп ауырады. Тұрақты су ішпегеннен кейін түрлі аурулар туындайды. Қаланың көгалдандыруында жеке мекеменің жұмыс істеуінен дұрыс күтіп үнемі бола бермейді. Біздікі тек бақылау, мониторингтік жұмыстар. Одан тек ағаштар ғана зардап шегеді. 


El.kz: Жалпы елімізде ботаникалық бақтар көп емес. Бұл ретте Ақтаудағы ерекше орынның деңгейін көтеруге қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
Ақжүніс Алтайқызы: Еліміз бойынша Алматы, Астана, Жезқазған, Риддер қалалары мен Бақанаста ботаникалық бақ бар. Бақ болғаннан кейін проблема үнемі болып тұрады. Мәдение орын болғаннан кейін, ғылыми түрде коллекция құру оңай емес. Бұл ретте Алматы, Риддер, Ақтаудағы  ботаникалық  бақты ұлттық саябаққа айналдыруға қатысты үкіметке құжат тапсырдық.  Алда шешімін тапса, ұлттық саябаққа айналуы да әбден мүмкін.  Қазір біздің ұжымда 107 адам жұмыс істейді. 30-дың үстінде ғылыми қызметкерлеріміз бар. Бақтың күтушілері тиісті жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып отыр. 
El.kz: Әңгімеңізге рахмет! 

Асқар Таудай
Бөлісу: