Ақтауда ұйымдастырылған сенбілікте 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

23 Қыркүйек 2023, 19:15 995

Ақтауда 23 қыркүйек күні мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікте 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақьау әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Аталған сенбілікке 300-ден астам мемлекеттік қызметкер қатысты. Іс-шара барысында 34 ш/а «Ана мен бала» перзентханасынан бастап «Кездесу» жанармай бекетіне дейін, осы жанармай бекетінен бастап «Data Center Aktau ТТС» мекемесіне дейін және «Шотан Батыр» ескерткішінен бастап «Кездесу» жанармай бекетіне дейінгі аумақ тазартылды. Аталған жұмысқа төрт техника жұмылдырылды. Қызметкерлерге сенбілікке қажетті қолғап және қап берілді. Қала аумағында абаттандыру мен санитарлық тазарту жұмыстары 15 қазанға дейін жалғасады.

Сенбіліктің басты мақсаты - қалада экологиялық мәдениетті қалыптастырып, шаһар тазалығын сақтау. Аталған шарада барлығы 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл сенбілік жыл сайын көктемгі және күзгі уақытта өткізіледі. 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында елді мекендер аумағын абаттандыру мен санитарлық тазарту іс-шаралары жүргізіледі, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Жантілек Асхатов.

Перизат Саденова
Бөлісу: