Ақтауда Сүгір Бегендікұлының 130 жылдығына арналған ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара Абай мәдени демалыс кешенінің 50 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Айтыста 8 ақын бақ сынады. Айтыс екі айналымнан тұрды. Шараның мақсаты - жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін, тума талант, табиғи дарындарын анықтау, олардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, ауыз әдебиетінің маңызын, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен білуге үйрету. Шараға қатысқандардың бірі 21 жастағы Жанболат Алиев. Ол осы айтыста І орынға ие болды.
Ең бірінші рет айтысқа 15 жасымда қатыстым. Одан кейін шеберлігімді шыңдау үшін халықаралық жарыстарда және жас ақындар айтыстарында бақ сынадым. Осы айтысты жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Айтыс жақсы деңгейде өтті деп есептеймін, - деді Жанболат Алиев.
Ақындар айтысының қорытындысына сәйкес қатысушыларға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
І орын - Жанболат Алиев
ІІ орын - Зейнетулла Қосымбаев
ІІІ орын - Сәндібек Ботабаев.