Ақтауда салымшылардың көзінше 5 қабатты үйді сүріп тастады

22 Желтоқсан 2023, 08:16 1870

Ақтау қаласы, Өмірзақ селосы, Приморский тұрғын үй массиві, Лазурная көшесі, №60 жер учаскесінде заңсыз салынған үй сүрілді. 60-қа жуық салымшы ғимаратты қиратуға келген техниканы тоқтатпақ болғанымен нәтиже шықпады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Құзырлы орган құрылыстың заңсыз екенін айтып отыр. Көбі бітіп, азы қалған нысанды техникалар әп-сәтте қиратып салды. Ал халық тірнектеп жинаған ақшамыз күлге ұшты деп қапалы.

Мен 8 миллион теңгедей ақша салдым. Қанша қаражат кетті, халық далада қалды. Енді бізге ақшаны ешкім қайтарып бермейді.  Салып беріп жатқан затты қайтадан бұзып жатыр. Бұл халыққа қиянат қой, - дейді салымшылардың бірі Ергешбай Әлмұратов.

Даудың басы алғашқы құрылыс компаниясы бұл салымшыларды тақырға отырғызып кеткенде басталған. Жиналғандардың сөзіне сенсек алғашында үйді салу тиіс болған кәсіпкер Орақ Қоштаев әлдеқашан сотталып кеткен. Содан кейін әкімдік жаңа құрылыс компаниясымен меморандум жасап, халыққа үй тұрғызып беруді сұраған. Жаңа компания құжатты реттемей үйді салуға кірісіп кеткен.

Мына үй менің маңдай теріммен, мына халықтың ақшасымен  салынған еді. Мүмкіндік беріңіздерші. Мұны бұзып тастап, қайта салғанда не өзгереді? Ештеңе де өзгермейді. Мемлекеттік сараптамадан өткізейік. Егер үй жарамды болса, неге рұқсат бермеске? Неге бұзады мен түсінбеймін, - дейді құрылыс компаниясының басшысы Серік Сабырбаев.

Компания басшысы бір жыл ішінде 9 рет құжатты рәсімдеуге тырысқанын айтады. Алайда әкімдік мақұлдамады деп отыр. Ал Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы  бұл нысанды 2022 жылғы 1 желтоқсанда жоспардан тыс тексерген. Мамандар  тұрғын үйдің ешқандай рұқсатнама құжаттары рәсімделмегенін, техникалық және авторлық қадағалаушылардың сүйемелдеуінсіз құрылыс жүргізгенін анықтап, меншік иесіне құжаттарды заңдастыруға 1 жыл уақыт берген. 

Осы күнге дейін кәсіпкер ешқандай рұқсатнама құжаттарын алған жоқ. Одан бөлек біздің берген нұсқаманы елеген жоқ. Біздер сот органдарына сапасына ешқандай кепілдік бере алмаймыз бұл нысанды бұзуға талап-арыз жолдадық. Сот шешімімен қанағаттандырылды, заңды күшіне енді, - дейді Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.

Сондай-ақ әкімдіктегілер салымшылар үйге салған қаражатын кәсіпкерден құқықтық тәртіппен өндіріп ала алатынын айтты. 

Перизат Саденова
Бөлісу: