Ақтауда екі жүзден астам сарбаз отанына адал болуға ант берді

7 Желтоқсан, 17:18 396

Ақтау гарнизонындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында жас жауынгерлердің әскери ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева, Қарулы күштердің, Ауған соғысының ардагерлері, гарнизондағы әскери бөлімдердің командирлері, сарбаз аналар комитетінің өкілдері, жауынгерлердің туыстары мен жақындары қатысты.

Өткен күзде Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарынан шақырылған сарбаздар тәуелсіз Қазақстан  мен оның мемлекеттік мүдделерін қорғауға ант берді.

Бригада командирі подполковник Марат Құдабаев әрбір әскери қызметші үшін ант берудің маңыздылығын атап өтті.

Әскери ант - Отан қорғаушының бұзылмайтын заңы. Оны қабылдай отырып сіздер әскери істі адал атқаруға және қызметтің қиындықтарына төзуге міндеттісіздер. Бұл ер адамның жұмысы және ол сіздерге пайда әкеледі. Атап айтқанда мінезді қатайтып, денені нығайтады. Осы жолда табандылық пен сәттілік тілеймін, - деді ол.

Ант қабылдағанға дейін сарбаздар жас жауынгер курсынан өтті. Олар әскери бөлімнің тарихымен және дәстүрлерімен танысты, қару-жарақ пен техниканың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, мемлекеттік-құқықтық, саптық және атыс дайындығының негіздерін зерделеді.

Депутат Наталья Дементьева Отан қорғау жөніндегі қасиетті міндеттемені атқаруға шешім қабылдаған өз ұлы мен жауынгерлік достарын айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтады. Депутат оларға шыдамдылық, батылдық және күш-жігер тіледі. Жас сарбаздарды ардагерлер, қоғам қайраткерлері және ата-аналар да құттықтап, сөз сөйледі.

Сондай-ақ, бөлім қонақтары үшін қоян-қолтық ұрыс пен қару-жарақ дефилесінің элементтерімен демонстрациялық қойылымдар ұйымдастырылды. Содан кейін қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін, оқу сыныптарын, казармалар мен асханаларды көрсете отырып, әскери бөлімге экскурсия жүргізілді.

Ата-аналар ұлдарының қызмет ету жағдайымен танысып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Бұл күні сарбаздар алғашқы сейілдемеге жіберілді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: