Ақтауда биыл үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 18, 19А шағын ауданда әрқайсысы 1200 орындық екі мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы тұрғындармен кездесуде Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтауда 28 мемлекеттік және 23 жекеменшік мектепте алпыс мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Қалаға көшіп келушілер санының артуы мен демографиялық өсімге сәйкес қалада үш ауысымды мектеп мәселесі бар.
«Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында қала бойынша 10 600 орындық 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 6-ның құрылысы былтыр басталды. Олар: 33 ш/а 1500 орындық, Рауан елді мекеніндегі 300 орындық, 16 ш/а 1500 орындық, және 17 ш/а 900 орындық 20 ш/а 1500 орындық, 19 ш/а 1200 орындық мектеп. Биыл әрқайсысы 37 және 38 ш/а әрқайсысы 2000 орындық екі мектеп салу қарастырылған. Сондай-ақ, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 18, 19А шағын ауданда әрқайсысы 1200 орындық екі мектептің құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр, - деді Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали.
Аталған мектептер құрылысының тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.