Ақтауда бірнеше лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланды

6 Желтоқсан 2022, 10:19 1011

Ақтау қаласында ыстық су беру уақытша тоқтатылған

Ақтау қаласында ыстық судың өшірілуіне және ауызсу берудің шектелуіне байланысты бірнеше лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаланы жылу және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді.

Өңір басшысы тұшыту қондырғысын жөндеуге байланысты ауызсу қысымы төмендеген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

«Жағдайға нақты талдау жасалуы керек, сондықтан жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын.

Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «ыстық суды бүгін береміз немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез келген мәселеге атүсті қарамай кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан орын алып отыр», - деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаровқа, қала әкімі Ербол Ізбергеновке, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевқа, «МАЭК» ЖШС бас директоры Талғат Есентүгеловке және оның орынбасары Мұрат Иғалиевке сөгіс жариялады.

Айта кетейік, ыстық суды өшіруге қондырғылардың ескіруіне байланысты жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған.  

EL.KZ
Бөлісу: