Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің қатарына шақырылғандар әскерге аттанды

11 Қазан, 06:25 379

Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру науқаны жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің алаңында қырық маңғыстаулықты салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараға департаменттің әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, Әскери-теңіз күштерінің өкілдері, сарбаздар аналары комитетінің мүшелері, әскерге шақырылушылардың туған-туыстары қатысты. 

Мен әскерде қызмет етемін деген ниетпен бара жатырмын, сондықтан ата-анама мен үшін алаңдамаңыз деп айтқым келеді. Менің ойымша, әскери қызметтен алған тәжірибе бізге одан әрі әлеуметтік бейімделуге пайдалы және шынығып, есейіп қайтатынымыз тағы бар. Туыстарым мақтан етердей абыроймен қызмет етуге тырысамын, – деді әскерге шақырылушы Қуат Таубаев.

Маңғыстау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары майор Еркін Алпанов шақыру комиссиясы ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметі қатарына жіберуді аяқтағанын мәлімдеді. 

Қазір Қарулы күштерге, одан кейін Ұлттық ұланға қабылдау жалғасады. Барлық командалар үзіліссіз жіберіледі, әскерге шақырылғандардың қызмет етуге деген ынта-ықыласы мен ұмтылысы бар, – деді ол. 

Күзгі шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады, науқан барысында Маңғыстау облысынан 650-ден астам азамат әскерге шақырылады. Бұл жаңа кезең олар үшін Отанды қорғауға дайын болуды міндеттейтін ересек өмірге қадам басқанын білдірсе керек.

Зарина Арман
Бөлісу: