Ақтауда әскери ант қабылдаған сарбаз сүйіктісіне ұсыныс жасады

Кеше, 21:44 144

Ақтау қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінде 200-ден астам жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдап, соңынан сүйіктісіне ұсыныс жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, салтанатты рәсімге сарбаздардың ата-аналары, жақындары, әскери бөлім басшылығы мен қала тұрғындары қатысып, жауынгерлерге ақ жол тілеген. Олар Отан алдындағы борышын өтеуге кіріскен жас сарбаздарға құрмет көрсетіп, патриоттық рух сыйлады.

Әскери ант қабылдау рәсімі барысында күтпеген әрі әсерлі оқиға орын алды. Қатардағы жауынгер Артур Сәрсенғалиев көпшіліктің алдында сүйіктісі Гүльназға үйленуге ұсыныс жасады.

Сарбаз саптық алаңның ортасына сүйіктісін шақырып, тізе бүгіп, өмірлік серігі болуын сұрады. Бұл тосын сәттен таңғалған Гүльназ толқынысын жасыра алмай:

— «Иә!»— деп жауап берді.

Осы әсерлі көріністі жиналғандар зор қошеметпен қарсы алып, жауынгерлік анты мен шынайы махаббаттың үйлескеніне куә болды.

Бүгін мен Отанға адалдығымды білдіріп, әскери ант қабылдадым. Сонымен қатар, өмірлік серігімді таңдадым. Гүльназбен бірге бақытты болатынымызға сенемін, - деді Артур Сәрсенғалиев  

Ал Гүльназ бұл сәттің өмір бойы жадында қалатынын айтты.

Бұл мен күтпеген, бірақ өте бақытты сәт болды. Артурдың дәл осы ерекше күні маған ұсыныс жасағаны – оның шынайы сезімінің дәлелі, - деді ол. 

Жас сарбаздардың әскери анты – олардың ел мен жеріне адал қызмет етуге серт беруі. Ал Артур Сәрсенғалиевтің осы күні өз махаббатын ашық жария етуі – әскери өмірдің тек тәртіп пен міндеттен тұрмайтынын, онда нағыз ерлік пен шынайы сезім қатар жүретінін көрсетті.

Асқар Таудай
Бөлісу: