Ақтауда алдағы 4 жылда 17 шағынаудан салынады

16 Мамыр, 02:34 792

Ақтау қаласының бас жоспарын түзету жұмыстары бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жиында жаңа шағынаудандардың құрылысы, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев, «Градо» жобалау фирмасының өкілдері, қала әкімдігінің қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары және қала тұрғындары қатысты. Жиында қаланың бас жоспарын түзету, жаңа шағын аудандарды салу мәселесі талқыланды. 

Ақтау қаласының бас жоспары ҚР Үкіметімен 5 қыркүйек 2012 жылы №1147 санды қаулысымен бекітілген. Сол уақыттан бері қала қарқынды дамып келе жатыр. Көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жаңа шағын аудандар пайда болды. Қала тұрғындарының саны да артты. Осыған байланысты Ақтау қаласының бас жоспарына түзету жұмыстарын жүргізуге шешім қабылданды. Қазіргі таңда қаланың бас жоспарына түзету жұмыстарын «Градо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде, - деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Смағұл Тукешов.

«Градо» жобалау фирмасы өкілдерінің айтуынша, бас жоспарды түзету қажеттілігі құрылыстың салынуына, құрылыс тығыздығының артуына, халық санының өсуіне және инженерлік жүктемелер қажеттілігінің артуына байланысты туындады. Мамандар қаланы дамыту кезең-кезеңімен солтүстік-батыс бағытта жүзеге асырылатын болады.

Біздің фирма 2012 жылы бекітілген Ақтау қаласының қолданыстағы бас жоспарын жасақтаған. Жоба құрылыс нормалары мен ережелеріне және Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.  Бас жоспар геоақпараттық жүйені пайдалана отырып, цифрлық түрде орындалады. Бірінші кезекте 2028 жылға дейін 17 шағынаудан салу көзделіп отыр, - деді «Градо» жобалау фирмасының өкілдері.

Ақтау қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Тілеп Баймағамбетов жаңадан салынатын шағын аудандарды инжерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін қозғады. Оның айтуынша, бас жоспарды түзету жұмыстарына міндетті түрде арнайы мамандар жұмылдыру қажет. 

Бас жоспарға түзету жұмыстарын жүргізу барысында әр сала мамандарының ой-пікірі маңызды. Қаланы дамыту маңызды. Бірақ оны сумен, жылумен, жарықпен қамтамасыз ету қажеттілігін ұмытпау керек. Сондықтан бұл жұмыстарға міндетті түрде арнайы мамандарды шақырыңыздар, - деді Ақтау қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Тілеп Баймағамбетов.

Ақтау қаласын дамыту жаңа инженерлік желілерді салу арқылы жүзеге асырылмақ. «Градо» жобалау фирмасының өкілдері инженерлік жүктемелердің көлемі талаптарға сәйкес есептелетіндігін айтты.

Сумен қамтамасыз ету қаланың солтүстігінде қолданыстағы жаңа кеңейту және тазарту құрылыстарын салу арқылы реттеледі. Жылумен жабдықтау мәселесі «Ақтау-Ақшұқыр» жолының бойындағы өнеркәсіптік аймақта орналасқан жаңа қазандықтардың құрылысымен шешілетін болады. Газбен жабдықтау мәселесін шешу үшін «Қошқар ата» қалдық қоймасының периметрі бойынша өтетін жоғары қысымды желі салу қажет. Инженерлік жүктемелердің көлемі нормативтік талаптарға сәйкес есептеледі. Осылайша, жаңа бас жоспарда қаланы барлық инженерлік желілермен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады, - деді «Градо» жобалау фирмасының өкілдері.

Перизат Саденова
Бөлісу: