Ақтауда республикалық «Абайтану» олимпиадасының облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Олимпиадаға қалалық деңгейден жеңіске жеткен 9-11 сынып оқушылары қатысты. Ұлы ақынның бай мұрасын жас ұрпақтың санасына терең әрі жан-жақты сіңіруге бағытталған дәстүрлі олимпиаданың мақсаты – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілу, Абайдың шығармашылығы мен өнегелі өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдану, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту болып отыр.
Алғашқы кезеңде қатысушылар ақынның қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазды, ал екінші кезеңде Абай шығармалары негізінде арнайы тапсырмалар орындады.
Олимпиадаға 30-дан астам қатысушы қатысып, жеңімпаздар Маңғыстау облыстық білім басқармасының І орын – 4, ІІ орын – 4, ІІІ орын – 5 оқушы дәрежелі дипломдарымен марапатталды.