Ақтау портында келесі жылы контейнерлік хабтың құрылысы басталады

13 Желтоқсан 2023, 05:27 786

Үкіметте су көлігін дамыту мәселелері бойынша отырыс өтті. Саладағы ахуал туралы Көлік министрі Марат Қарабаев баяндап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Теңіз көлігі саласында аталған саланы дамыту бойынша оң серпін сақталуда. Биыл 11 айда теңіз порттары арқылы тасымалдау көлемі 6,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10 пайызға артық.

Қазақстандық сауда флотының қарамағында 20 кеме бар, оның ішінде Қара және Жерорта теңіздерінде мұнай тасымалдаумен айналысатын 2 танкер, 4 құрғақ жүк, 3 контейнерлік кеме және Каспий теңізінде жұмыс істейтін 11 танкер бар (оның екеуін биыл «ҚазМұнайГаз» және «Абу Даби портс» құрған бірлескен компания сатып алған).

Саланы дамыту бойынша жақсы көрсеткіштерді Транскаспий халықаралық көлік бағыты қамтамасыз етіп отыр. Аталған бағыт бойынша тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге – 2,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте бұл бағыт бойынша қазақстандық өнімнің экспорты 3 есеге артты. Сонымен қатар импорттық жүк ағынының өсімі байқалады. Бұл еуропалық компаниялардың Транскаспий халықаралық көлік бағытына деген қызығушылығын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемін 5 есеге арттыру міндетін жүктеді. Ол үшін Әзербайжан, Грузия және Түркиямен арнайы Жол картасына қол қойылды. Аталған құжатқа сәйкес әр ел өзінің көлік инфрақұрылымын ілеспе дамыту бойынша шаралар қабылдап жатыр. Қазақстандық экспорттаушылармен және Maersk, Cosco Shipping және PSA сияқты ірі халықаралық көлік-логистикалық компаниялармен бірлесіп, аталған маршрутқа бағдарланған жүк базасына талдау жүргізілуде. Нәтижесінде біз алдағы 5 жылда Транскаспий халықаралық көлік бағытына түсетін жүктеме бойынша жағдайды алдын ала болжай аламыз, - деді министр.

Саланы одан әрі дамыту үшін тасымалдау көлемінің серпінді өсуін ескере отырып, 6 негізгі міндетті шешуге шоғырландыру қажет. Олардың қатарында, теңіз порттары акваториясының түбін тереңдету, терминалдық қуаттарды дамыту және олардың негізінде бонд аймақтарын құру, порттарға баратын теміржол инфрақұрылымын дамыту, көлік дәліздерін цифрландыру, сауда флотын арттыру, навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бар.

Бұдан әрі Көлік министрлігінің басшысы аталған міндеттерді шешу үшін жүргізіліп жатқан, жоспарланған әрі ұсынылып отырған шараларды атап өтті.

Атап айтқанда, Құрық портының акваториясында түбін тереңдету жұмыстары 2024 жылдың шілдесіне дейін аяқталып, кейін Ақтау портында жүргізіледі жеп жоспарланып отыр. Каспий жағалауындағы жеке терминалдар да түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Алайда оларға бюджет қаражаты көзделмеген. Сонымен қатар порт инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын назарға ала отырып, мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылуда.

Көлік министрлігінің басшысы қазылған топырақ терминалдық қуаттарды одан әрі ұлғайту үшін пайдаланылатынын атап өтті. Олардың есебінен ауданы 170 гектарға жуық жаңа аумақтар құрылатын болады. Перспективалы учаскелер бойынша Abu Dhabi Ports, Rhenus және Shandong port компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

Министрдің ақпаратына сәйкес, келесі жылдан бастап Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы басталады. Ляньюньган портымен тиісті келісімге қол қойылған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 2024 жылдың сәуір айында дайын болады. Құрық портында биыл астық терминалдарының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ портта жалпы жүктерге және «жасыл сутекті» ауыстырып тиеуге арналған терминалдар салынады.

Теңіз порттарына іргелес теміржол инфрақұрылымын дамыту үшін «Бейнеу – Маңғыстау», «Жарық – Сексеуіл» және «Шалқар – Құрық» теміржол учаскелерінде 404 шақырымды құрайтын екінші жол салу жоспарда бар. Іс-шаралар магистральдық теміржол желісін 2030 жылға дейін жаңғырту жөніндегі бекітілген жоспарға енгізілген. Сондай-ақ Ақтау портының терминалдарына апаратын қосымша жолдар салынады.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын цифрландыру үшін сингапурлық PSA компаниясы Сиань құрғақ портының ақпараттық жүйесімен біріктірілген Digital Trade Corridor цифрлық платформасын әзірледі. Сонымен қатар Қытаймен шекарада транзиттік декларацияларды беру процесін автоматтандыру үшін пилоттық режимде Tez Customs кедендік платформасы енгізілді. Қазір оның Алтынкөл станциясындағы жұмысын PSA қызметкерлері қадағалап отыр.

Сонымен қатар Digital Trade Corridor цифрлық платформасын Баку портының, Әзербайжан темір жолдарының және Грузияның көлік ұйымдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жүргізілуде. Наурыз айының соңына қарай цифрлық платформа өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. Бұл Қытайдан Еуропаға дейінгі жүктер қозғалысының бүкіл процесін цифрландыруға мүмкіндік береді, – деді Марат Қарабаев.

Сауда флотын дамыту үшін қолданыстағы өндірістік объектілер базасында отандық кеме жасау зауытын құру жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде 10 жаңа кеме салу қажет. Кемелердің жаңа үлгілерін «Қазақтеңізкөлікфлоты» жобалап жатыр. Сонымен бірге YDA, Asfat және ADP компаниялары «кеме жасау зауыты» жобасын жүзеге асыруға деген қызығушылық танытуда.

Теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2024 жылдың наурыз айының соңына дейін Құрық портындағы кемелердің қозғалысын басқару жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілетін болады. Ақтау портында жүйені 2025 жылдың соңына дейін орнату көзделіп отыр.

Берік Арманов
Бөлісу: