Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Қазақстанға Embraer компаниясының өкілдері келеді

Кеше, 10:20 314

Деректерді ұсыну және азаматтық авиациядағы және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу қағидаларына сәйкес Көлік министрлігі Авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері апат болған жерде.

Қазақстанға Әзербайжан Республикасы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің делегациясы, сондай-ақ Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясының өкілдері келді.

Жұмыстар Әзербайжанның авиациялық билігімен бірлесе жүргізілуде. Сондай-ақ Қазақстанға Embraer әуе кемесін өндіруші компания өкілдері және CENIPA (авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы, Бразилия) ұшып келеді, - делінген мәліметте.

Ақтау қаласына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрамында көлік министрі Марат Қарабаев, көлік вице-министрі Талғат Ластаев, көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Нұржан Ахметов те барған.

Айта кетейік, 25 желтоқсан күні Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан әуе кемесі Ақтау маңында апатқа ұшырады. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 Ресей азаматы болған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: