Ақтау әкімі тұрғындардан кешірім сұрады

30 Мамыр 2023, 00:08 821

Ақтау әкімі Ербол Ізбергенов су мәселесіне алаңдаушылық білдірген қала тұрғындарын сабырға шақырып, наразылық танытып жатқан тұрғындардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Қала аумағында су мәселесі бар екендігі баршаңызға белгілі. Сіздердің ол мәселе бойынша наразылықтарыңызды жақсы түсінемін және қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Қалада су көлемінің жетіспеушілігі, су қысымының төмендігі, жоғары қабаттарға су жетпеу мәселелері бар. Оны жоққа шығармаймыз. Әсіресе жаз мезгілінде суды тұтыну көлемінің көбеюіне байланысты мәселе күрделенуде, - деп түсіндірді.

Әкім қаланы ауыз сумен «МАЭК» ЖШС қамтып отырғанын алға тартты. Қысқы мезгілде тәулігіне тұтынылатын су көлемі - шамамен 34 000 м3 болса, жазда тәулігіне - 67 000 м3. Алайда «МАЭК» 52 000 м3 су көлемімен ғана қамти алатындықтан, 15 000 м3 су дефицит болып тұр.

Қазіргі таңда осы мәселені шешу үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Соларға қысқаша тоқталып өтейін. 2022 жылы 9 қабаттан биік үйлердің жоғары қабаттарына су жеткізу үшін 113 су сорғыш құрылғысы орнатылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. «МАЭК» аумағында қуаты тәулігіне 24 000 м3 су тұшыту қондырғыларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. ​2023 жылы жобаны жүзеге асыруға 10 млрд теңге мақұлданды, - дейді әкім.

Шаһар басшысының мәліметінше, «Каспий» су тұшыту зауытының өнімділігі тәулігіне – 20 000 м3, қазіргі таңда өнімділікті 40 000 м3-ке дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Зауыт бүгінгі күні Қарақия, Мұнайлы және Ақтау қаласының жылы жағажайын сумен қамтамасыз етуде. «СК Строй Монтаж» ЖШС-нің инвестициясына қуаттылығы тәулігіне 20 000 м3 құрайтын су тұшыту зауыты салынуда. Жыл соңына дейін тәулігіне 10 000 м3 ауыз су өндіру күтілуде, - дейді әкім.

Перизат Саденова
Бөлісу: