Ақсу және Көксу зауыттары қант қызылшасын қабылдай бастады

20 Қыркүйек, 08:45 890

Жетісу облысындағы Көксу және Ақсу қант зауыттары қант қызылшасы өнімін қабылдай бастады. Биыл өңірде тәтті тамырлы егістік ауданы 13,7 мың га құраған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік қолдау шараларын қолдану және заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мол өнім алып отыр.

АШМ мәліметінше, Көксу қант зауыты күніне 5-6 мың тонна шикізат қабылдауға дайын. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 250 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Ақсу қант зауыты да қызылшаны өңдеуге толықтай дайын.

Қызылшаны өңдеуге облыстың 597 шаруа қожалығы, соның ішінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарынан 193 фермер шаруашылығы шикізат жеткізеді. Сатып алу бағасы бір тоннасына - 40 мың теңге, оның ішінде 25 мың теңгесі мемлекеттік субсидия, 15 мың теңгесі зауыттың төлемі.

Сарқан ауданындағы «Божалақов» шаруа қожалығында биыл қызылша егістігі 15 га-дан 20 га-ға дейін ұлғайтылды.

Субсидиялар жақсы, су, арзан отын, өсімдіктерді қорғау препараттары жеткілікті. Орташадан жоғары өнім алуға үміттенеміз. Ақсу қант зауытына қабылдаудың бірінші күнінде біздің шаруашылықтан 100 мың тоннаға жуық қызылша тасылды. Қолдау жақсы, зауыттар көлік шығындарын субсидиялайды. Саланы дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Келесі жылы егіс аудандарын ұлғайтамыз, - деді шаруашылық өкілі Тоқтарбек Төлепбеков.

Айта кетсек, жалпы Жетісу облысында жалпы 615 мың тонна қызылша өңдеп, 97 мың тонна қант өндіру жоспарланған.

Перизат Саденова
Бөлісу: