Ақшаны көп игеріп, өнімді аз аламыз – Серік Егізбаев

19 Маусым 2023, 11:08 725

Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев қант бойынша жағдай өте күрделі екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Айтуынша, республика дайын өнімнен де, шикізаттан да импортқа толықтай дерлік тәуелді. Отандық өндіріс үлесі 10 пайызға төмен.

Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 миллиард теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 миллиард теңге көлемінде субсидия игерілді, ағымдағы жылы 14,1 миллиард теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр, – деді ол.

2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9 пайызы қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы 7 пайыз, ал 2022 жылы 6 пайызға дейін төмендеген.

Ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз. Осы орайда Үкіметке аталған мәселені шешудің балама жолдарын қарастыруды ұсынамыз. Салада шешімін таппай отырған мәселелердің бірі - қаржы институттарының несиелерін кепілмен қамтамасыз ету. АКК-дан төртінші буындағы 1 гектар жылыжай кешенін салу үшін «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге несие алу үшін тағы да 1 млрд теңге кепіл ұсыну қажет, – дейді аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: