Ақша құнсызданғанда қарыз қалай қайтарылады?

26 Ақпан, 16:37 864

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Ғұламалар кеңесі қарызға алған ақша құнсызданып кеткенде қандай мөлшерде қайтарылатыны туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарыз – екі тарап арасында мал-мүлікті үстемесіз қайтару шартымен жасалатын келісімшарт («Радду әл-мухтар», 5/161). Бүгінгі таңда қаржылық инфляцияға байланысты қарызды өтеу өзекті мәселелердің біріне айналды. Ғалымдар қарыз нысаны әртүрлі болуына қарай оның үкімін төмендегідей бөліп қарастырады. 

Біріншіден, егер қарыз алтын, күміс немесе өлшенетін нәрсе болса, құны өзгеруіне қарамастан ұқсасын қайтарады. Бұған барлық ғалымдар бірауыздан келіскен («Рәсаил имам ибн Абидин»: 2/105. «Әл-муһаз заб»: 2/81, «Әл-муғни»: 4/244).

Екіншіден, егер валюта қолданыстан шыққан болса, онда қарызды басқа валютамен немесе алтын, күміспен алған күнінің құнымен қайтарады. «Муршиду әл-хайран» атты кітапта: «Егер қолданыстағы фулус (ал тын, күмістен тыс металдардан жасалған ұсақ ақшалар) немесе алтыны, күмісі аз металдан жасалған ақшалар қолданыстан шықса, қарызды алған күнгі құнымен қайтарады», – делінген («Муршиду әл-хайран әла мәзһаби имам Әби Ханифата ән-Нуғман»: 114-бет, 695 мәдда).

Үшіншіден, валютаның құнсыздануына байланысты қарызды қайтару. Бұған байланысты бірнеше көзқарас бар:

1. Көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, қарыз қай валютамен берілсе, оны арттырмай және кемітпей сол валютамен қайтару керек («Әл-маусуату әл-фиқһия»: 21/138, Ислам фиқһы академиясының қарарлары: №42 (4/5). Сондай-ақ қарызды беру барысында басқа валютамен қайтаруды шарт ету дұрыс емес. Ал қарызды қайтарып жатқанда басқа валютамен өтеуге келіссе, сол күнгі валюта құнымен өтеудің оқасы жоқ (Ислам фиқһы академиясының қарарлары: №75 (6/8).

2. Имам Әбу Юсуфтың пікірі бойынша, валюта құнсызданған жағдайда қарызды алған күнгі ақшаның құнымен қайтарады. Ханафи мәзһабында осы көзқарас негізге алынады («Радду әл-мухтар», 4/533-534. «әл-Бахру әр-райық», 6/219. «Рәсаил имам ибн Абидин»: 2/95).

3. Мәлики мазһабының бір көзқарасында арадағы айырмашылық көп болса, ақшаның құны қайтарылады. Ал аз болса, алған ақшаның өзі қайтарылады («Хашияту Имам әр-Рәһуни»: 2/119). Фиқһ ғалымдары көп пен аздың шегін «үштен бірі» (сулус) деген өлшеммен есептеген. Имам Ахмад: «Ғалымдар үштен бірі деген мөлшерді он жеті мәселеде қолданған. Өйткені үштен бір көптікті, одан азы аздықты білдіреді», – деген («Әл-муғни»: 4/233, «Шарһу әл-Кәбир»: 4/261). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сағд бин Әби Уаққасқа (Алла оған разы болсын): «Үштен бірін өсиет етейін бе?» дегенде, «Оның өзі көп», – деген (Бұхари: №3936).

Валюта құнсызданған жағдайда ақшаның құны үштен бірі немесе одан да көп болып, тараптардың арасында дау-дамай туындаса, екі тарап өзара бір бітімге келуі керек. Өйткені қарыздың өзін қайтарса, қарыз алушы, ал құнын қайтарса, қарыз беруші зиян шегіп қалады. Өзара бітімге келе алмаса, қазиға шағымданып, әділ шешімін алады. Хадисте: «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», – делінген (Ибн Мәжә: №1909).

Ислам фиқһы академиясының №115 (12/9) қарарында: «Тараптар қаржылық инфляция күтіледі деген бол жаммен сақтық шарасы ретінде келісімшартта қарызды өтеу барысында алтын, күміс немесе құны едәуір өзгеріске ұшырамайтын ақша не заттың құнымен қайтаруға келіседі», – делінген (Ислам фиқһы академиясының қарарлары: №115 (9/12).

ҮКІМ:

1. Қарыз алтын, күміс немесе өлшенетін нәрсе болса, құны өзгеруіне қарамастан өзін қайтарады.

2. Қалыпты әрі ақша аз мөлшерде құнсызданған жағдайда қарыз қай валютамен берілсе, сол валютамен қайтарылады.

3. Қаржылық инфляция жағдайында қарызды беру және қайтару уақытындағы ақшаның құны үштен бірі немесе одан да көп болса, онда тараптар өзара бір бітімге келеді немесе қазиға жүгініп, шешімін алады.

4. Инфляция күтілетін жағдайда екі тарап қарызды (алтын, күміс, тағы солай сияқты) бағасы қатты өзгермейтін заттың құнымен қайтаруға келіскен жөн.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: