АҚШ профессоры Дулати ғалымдарымен бірге су құрамын зерттеуде

28 Қараша 2023, 23:31 656

М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті АҚШ университеттерімен байланысты нығайтуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы орайда университетке Линкольндегі Небраска университетінің профессоры Дэниел Дэвидсон Сноу шақырылды.

Дэниел Сноу – Небраска университеті Су ғылымдары зертханасының директоры. Профессор Дулати университетінің ғалымдарымен тұрақты түрде бірлескен жобалар аясында жұмыс жүргізіп келеді.

Бүгінде ғалым Химия және химиялық технология кафедрасының меңгерушісі, PhD Маржан Қалмахановамен бірлесіп Жамбыл облысындағы су ағындарын зерттеу жобасы бойынша жұмысты бастап кетті. Аталған ғылыми жоба АҚШ білім министрлігі тарапынан қаржыландырылады деп күтілуде. Нәтижесінде сол елдің докторанттары мен магистранттары Дулати университетіне келіп, судың химиялық құрамын зерттеу бағытында жұмыс жүргізіп, тәжірибе алмасатын болады.

PhD Daniel Snow мен Маржан Қалмаханова Аса ауылы маңындағы тұрмыстық қалдықтан жиылған судың құрамын анықтау мақсатында үш ай көлемінде эксперимент жүргізіп, үлгісін Небраска университетіне жіберді. Нәтижесінде құрамында адам денсаулығына қауіп төндіретін зиянды қоспалар анықталған. Алдағы уақытта фильтрациялық жүйе орнату жұмыстарын атқару көзделіп отыр.

«Жамбыл облысындағы үлкен проблема – фильтарциялық жүйенің болмауы. Қаланың барлық тұрмыстық суы Аса елдімекені маңына барып құяды, ол жерге сіңеді. Зиянды суды қайта өзіміз тұтынамыз», - дейді Маржан Қалмаханова.

PhD Daniel Snow ғылымды климаттық өзгеріске бағыттау керек деп есептейді. Судың, ауаның тазалығын үнемі зерттеп, оны жақсарту бойынша жұмысты жетілдіру адамзат өмірі үшін аса қажет дейді. Сондай-ақ, қоршаған ортаны таза ұстау, адамдарды тазалыққа тәрбиелеу өте қажетті қадам екенін айтады: «Қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеу үшін ең алдымен баладан бастауымыз керек. Ал бала өз әке-шешесін тәрбиелейді»,- дейді ғалым.

Университеттер арасындағы ынтымақтастық тәжірибесі халықаралық деңгейде қызмет етудің тиімді мүмкіндіктерін көрсетеді. Олар ел мүддесі үшін қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізуге жол ашады.

Берік Арманов
Бөлісу: