АҚШ пен Қытайда ауа температурасы 50 градусқа жетті

18 Шілде 2023, 12:37 924

Әлемнің бірнеше елі қалыптан тыс жоғары температурадан зардап шегіп отыр. Бұдан бөлек, Еуропаның оңтүстігінде, сондай-ақ АҚШ пен Қытайда ауа температурасы Цельсий бойынша 50 градустан жоғары көтерілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

Синоптиктер температура аптаның ортасына дейін көтеріледі деп санайды. Болжамға сәйкес, сәрсенбіге қарай Италиядағы Сардиния аралының оңтүстігінде ауаның температурасы 46°C болады, ал құрлықтық Италияның оңтүстігінде ең жоғары температура - 43°C.

Соңғы болжамға сәйкес, Испанияның оңтүстігінде максималды температура 46°C, ал Францияның оңтүстігінде - 40°C жетеді.

АҚШ-тың оңтүстік-батысында да аптап ыстық болады. Метеорологтар 38 қалада температура рекорды жаңаруы мүмкін деп ескертті.

Ұлттық метеорология қызметінің мәліметінше, жексенбіде Лас-Вегаста (Невада штаты) температура 46,6°C-қа жетті.

Аризона штатының Феникс қаласында ауа температурасының рекордтық 47,2°C дейін көтерілетіні болжанып отыр.

Жексенбіде ең жоғары температура Калифорниядағы Өлім алқабында тіркелген. Ғаламшардағы ең жылы жерлердің бірінде 53,9°C ыстық болды.

Мамандар жылу толқынының басты проблемасы күндізгі ауа температурасының жоғарылауында емес, түнде жеткілікті түрде төмендемейтінінде деп санайды.

Жақын арада, Аризонадағы түнгі температура 32°C-тан төмендемейді деп болжанып отыр.

Британдық метеорологиялық орталықтың мәліметінше, жексенбіде Қытайда ел тарихындағы ең жоғары температура тіркелді - Шыңжаң провинциясында термометр бағанасы 52,2°C дейін көтерілді.

Оңтүстік Кореяда ауа райының күрт өзгеруінен нөсер жауын жауып, көшкін мен су тасқынына ұласты, ал Жапонияда кем дегенде 60 адамға ыстық өтті.

Жапон аралдарындағы рекордтық температура (41,1°C) 2018 жылы Кумагая қаласында тіркелген. Биылғы жазда алдыңғы рекорд жаңаруы әбден мүмкін.

БҰҰ-ның мамандандырылған бөлімшесі - Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым Жерорта теңізі аймағында қалыптасқан жылу ағымдағы аптаның ортасына қарай күшейіп, тамыз айында жалғасатынын ескертті.

Келесі аптада Мароккода температура 49°C дейін көтерілуі мүмкін.

Равиль Ашығали
Бөлісу: