АҚШ медиа сарапшысы баспасөз хатшыларына шеберлік сағатын өткізді

4 Сәуір 2023, 12:19 689

Астана қаласында медиа сарапшы, журналист, қоғаммен байланыс және коммуникация саласының маманы Маргерит Хокси мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың баспасөз хатшыларымен кездесіп, қызмет жолындағы тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz акпараттық агенттігі.

Іс-шараның ұйымдастырушылары - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығы, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және «Maqsut Narikbayev University».

Шара баспасөз хатшыларының кәсібилігін жетілдіру және біліктілігін арттыру мақсатында өтті.

Маргерит Салливан Смитсон институтында дәріс оқыған және Харвард университетінің Джон Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің саясат институтында ғылыми қызметкер ретінде қызмет еткен.

Ол шеберлік сағатында баспасөз хатшыларының қоғаммен сауатты қарым-қатынас орнатуы, мемлекеттік мекемелердің коммуникация қызметінің стратегиясын ұйымдастыру, сонымен қатар әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың имиджін қалыптастырудың заманауи техникаларын меңгеру сынды бағыттарды қамтыды.

Отырыста БАҚ өкілдері «Сіздер журналистермен қалай жұмыс жасайсыздар? Қандай да бір ақпарат көңілдеріңізден шықпаса, алып таста деп өтінесіздер ме?» деп медиа сарапшыға сұрақ қойды.

«Жұмыс істеп жүрген кезде менде осындай бір жағдай орын алған еді. Менің досым «Вашингтон пост» агенттігінде жұмыс жасады. Мен досыма өзіме ұнамаған жаңалықты «Досымсың ғой, ақпаратты жарияламашы» деп айтуыма болар еді. Бірақ ондай әркетке бармадым. Себебі БАҚ еркіндігі өте маңызды», - деп жауап берді спикер.

Сонымен қатар журналистер «Қазіргі замануи баспасөз хатшысы қандай болуы керек?» деп Маргерит Хоксиге сауалын жолдады.

«Баспасөз хатшылары БАҚ-пен достық қарым-қатынаста болуы мүмкін. Алайда ол бірінші кезекте жұмысына адал болып, оған жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін ұмытпауы қажет. Сондай-ақ аудиторияға қандай ақпараттың жеткізілуі тиіс екенін білуі керек. Ақпаратты нақты жеткізу үшін баспасөз хатшылары үнемі БАҚ-пен тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс», - деді медиа сарапшы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: