Ақпан айындағы инфляция деңгейі қандай

3 Наурыз, 16:56 458

2025 жылғы ақпанда тұтыну бағаларының айлық индексі 1,5% құрады (2025 жылғы қаңтарда – 1,1%). Ақылы қызметтер – 2,1%, азық-түлік тауарларының бағасы – 1,5%, азық-түлік емес тауарлар 1% өсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы ақпанда тұтыну бағаларының айлық индексі үдей түсіп, 1,5% құрады (қаңтарда – 1,1%).

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында төлемақы суық суға – 29,2%, орталықтан жылытуға – 6,2%, ыстық суға – 5,3%, домофонға – 4,7%, электр энергиясына 1,8% өсті. Монша қызметтері – 2,1%, дәрігерге алғаш қаралу қызметтері – 1,9%, шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері 1,3% қымбаттады.

Азық-түлік тауарларынан баға қиярға – 12,7%, қырыққабатқа – 12,3%, картопқа – 16,4%, қызанаққа – 6,1%, қызылшаға – 5,1%, лимонға– 4,9%, сиыр етіне – 3,7%, сарымсаққа – 3,2%, картопқа, жүзімге – 3,1%, күнбағыс майына – 3 %, алмаға – 2,7%, қой етіне 2,3% өсті. Бағаның төмендеуі апельсинге – 2,2%, күрішке – 1,4%, жұмыртқаға – 1,2% қарақұмық жармасына 1% байқалды.

Ақпан айында тұрмыстық бұйымдарға баға 2,5%, автомобильдерге – 1,3%, құрылыс материалдарына – 1,1%, киім мен аяқ киімге 1% өсті. Баллондағы сұйытылған газ 10,5% қымбаттады.

2025 жылғы ақпанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 9,4% құрады. Ақылы қызметтердің бағасы – 14,1%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 8,7%, азық-түлік тауарларының бағасы 6,5% жоғарылады.

ТБИ құрылымындағы өсім:

ақылы қызметтер – 2,1%
азық-түлік тауарлары - 1,5%
азық-түлік емес тауарлар - 1%

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары айлық инфляция Астанада – 2,9% (орташа республикалық деңгейден 1,4 п.т. жоғары), ең төмені – Абай және Қызылорда облыстарында, әрқайсысында 0,7%.

Жылдық мәнде ақпан айының инфляциясы - 9,4%

ТБИ құрылымында бағаның көтерілуі:

ақылы қызметтер – 14,1%
азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 8,7%
азық-түлік тауарлары – 6,5%

Мадина Асылбекова
Бөлісу: