Ақордада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

1 Қараша, 20:58 338

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрлерінің, Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ өкілдерінің, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу және білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Сондай-ақ, кеңес барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл, кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бойынша жүйелі және жедел шараларды іске асыру барысы талқыланды.

Мемлекеттік кеңесші балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқашан мемлекеттің назарында екенін атап өтті. Жалпы, мемлекеттік органдар аталған бағытта қажетті институционалдық шешімдер әзірледі, алдын алу тетіктері мен ден қою алгоритмдерін құрды.

Перизат Саденова
Бөлісу: