Ақмолалық тұрғын ардагерден ақша бопсалады деген күдікке ілінді

2 Тамыз 2023, 03:30 736

Ақмола облысы полиция департаменті Бурабай аудандық полиция бөлімінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Бурабай курорттық аймағының аумағында бопсалаумен айналысқан жас жігітті ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

6 шілде күні Бурабай аудандық полициясының кезекші бөліміне 64 жастағы ер адамна 3 шілде күні Щучинск қаласында 100 мың теңге сомасында қаражат бопсалағаны туралы арыз келіп түсті. Нәтижесінде жәбірленуші күдіктіге ақшаны бөліктеп берген. 

Белгілі болғандай, ер адам адамдарды тасымалдаумен айналысады. Ол өзі ардагер–интернационалист. 3 шілде күні ол шақыруға келгенде, белгісіз адамдар көліктің салонына секіре кіріп, олардың бірі күш көрсетіп, қауіп төндіріп, ақша талап ете бастаған. 

Аталған дерекке қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігі (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады. 

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер Щучинск қаласының 21 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Жігіт өз кінәсін мойындады. Ол оған ақша керек болғанын және жәбірленушіден алған барлық қаражатты өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты. 

Полиция қызметкерлері осы аумақтағы осындай қылмыстық әрекеттерден зардап шеккендердің барлығынан полицияға хабарласуды сұрайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: