Ақмолада 20-ға жуық кәсіпорын су тасқынын жоюға көмек көрсетеді

7 Сәуір, 07:30 731

Ақмолада облыс әкімінің тасқын сумен күресуге көмектесу туралы үндеуіне бизнес өкілдері де үн қосуда. Әкімдіктің мәліметінше, 20-ға жуық кәсіпорын облыс орталығында су тасқынын жоюға көмек көрсетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі 2 метрге жетті, бұл әдеттегі көрсеткіштерден едәуір жоғары.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов қазіргі уақытта қаладағы жағдай күрделі екенін атап өтті.

Өздеріңіз білетіндей, еріген су ағынының ұлғаюына байланысты Қылшақты өзені жағадан шықты. Су басу аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар бар. Біз су тасқынын бірге жеңу үшін ортақ күш-жігермен жұмысты ұйымдастыруымыз керек. Сізді осы жауапты сәтте шетте қалмауға және азаматтық ұстанымыңызды білдіруге шақырамын. Барынша қолдау көрсету қажет. Бұл бәріміз үшін - ортақ міндет, бұл ретте қала тұрғындарының қиыншылығында бизнес жасамауды сұраймын, - деді аймақ басшысы.

Бұдан өзге облыс әкімі биыл Қылшақты өзенінің арнасын тереңдету және жағалауын нығайту бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланғанын атап өтті. Бұл кейінгі жылдары су тасқынының қайталану қаупін азайтады.

«Қазавтожол» ЖШС бекітілген учаскесіне 10-ға жуық арнайы техника жіберілді. Олардың арасында самосвалдар, бульдозерлер және жол катогі бар.

Табиғи апаттарды болжау мүмкін емес. Үйлерге су кіргізбеу үшін Сүлейменов көшесінен Ғабдуллин көшесіне дейінгі жағалау сызығын нығайтатын боламыз. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі, - деді кәсіпорын директорының орынбасары Өмірбеков Арман.

Айта кетсек, бүгінгі таңда облыста су тасқынына қарсы іс-шараларға 1300-ен астам адам, 322 бірлік техника жұмылдырылған.

Зарина Арман
Бөлісу: