Ақмола тұрғындарына көміртегі тотығын анықтайтын мыңнан астам датчиктер орнатылды

5 Қараша 2022, 20:00 1723

Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаевтың қатысуымен «Ақмола облысы аумағында 2022-2023 жылыту кезеңінің өтуі» тақырыбында брифинг өтті, деп хабарлайды El.kz  Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Брифинг барысында негізгі бұзушылықтар электр желілері мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау себептерінен болатындығы белгілі болды. Айта кету керек, өрт туындау жағдайларының көпшілігі осы себептерге байланысты болады.

«Өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңінде профилактикалық жұмыстармен 100 мыңнан астам азамат, оның ішінде Департаментте есепте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық отбасылары қамтылды.  Дәл осы үйлерде көміртегі тотығын ерте анықтайтын 1317 датчик орнатылып, 1000-нан астам жылыту пештерінің мұржалары тазартылды»,  деп Нұрлан Атығаев атап өтті.

Айта кету керек, барған үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 5316 фактісі анықталды, оның ішінде департамент қызметкерлерінің ұсынысы бойынша сол жерде 1 мыңнан астам бұзушылық жойылды.

2022-2023 жылдардағы жылыту кезеңінің басынан бері облыста барлығы 43 өрт тіркелген, бұл ретте бір адам қаза тапты, жарақат алғандар жоқ.

Сонымен қатар спикер пәтерлерде және тұрғын үйлерде болатын тез тұтанатын заттардың, синтетикалық бұйымдар мен түрлі тұрмыстық техника бір жағынан, өрттің туындау қаупі мүмкіндігін арттыратынын, ал екінші жағынан, синтетикалық материалдардың жануы кезіндегі улы газдардың бөлінуі адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті екендігін атап өтті.

Ақмола облысының ТЖД балаларға тұрмыстық қыздыру аспаптарын өз бетінше пайдалануға рұқсат бермеулеріңізді, сіріңкелерді балалардың қолы жетпейтін жерге қою қажеттігін және ешбір жағдайда кішкентай балаларды үйде ересектердің қарауынсыз жалғыз қалдырмауларыңызды сұрайды. Осы қарапайым талаптардың барлығын орындау сіздің үйіңізді өрттен және сіздің денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығын олардың зардаптарынан сақтауға көмектеседі.

Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалыңыз. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз!

EL.KZ
Бөлісу: