Ақмола облысындағы ауылдардың көрінісі: ауыз су, жайылымды жер, жарық және жол жоқ

6 Қаңтар 2023, 18:00 2148

Қазақстандағы ауылдарда әлі күнге дейін жайылымды жер, ауыз су, жол және жарық мәселесі өзекті. Бұл туралы «Ауыл» ХДПП орталық аппаратының ұйымдастыруымен өткен республикалық онлайн-конференцияда Ақмола облысы Целиноград ауданы Приречное кенңтінің әкімі Мейірхат Жанділдин айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Конференцияда өңірдегі ауыл әкімдері елді-мекендердегі мәселелер мен өзгерістерге тоқталды.

«Қазақстандағы ауылдық өңірлерде жер мәселесі өте күрделі. Нақтырақ айтқанда, жайылым жерлер өте тапшы. Барлығына белгілі, шалғайдағы жерлердің біршамасы жеке-меншіктің қолына өтіп кеткен. Соның салдарынан ауыл тұрғындары малдарын қай жерге жаярын білмейді. 2022 жылы Ақмола облысындағы Опан ауылындағы 1800 гектар жерді өзімізге қайтардық. Заң жүзінде жерлерді қайтаруды қолға алып жатырмыз»,- деді Мейірхат Жанділдин.  

Ол жерді қайтарып алуға болатын бірнеше мысалдарға тоқталды.

Біріншіден, егер жер мақсаты бойынша пайдаланылмаса, жерде өнім өндірілмсе жерді қайтарылады.

Екіншіден, тиісті рациональды емес тұрғыда пайдаланылса, яғни тыйым салынған химикаттар пайдаланылса жерді қайтарып ала алуға болады.

Үшіншіден, қаржылық міндеттерді орындамаса және мемлекетке  мұқтаждық жағдайы туындаса, яғни жол салу және тағы да басқа қажеттілік кезінде  қайтарады.

«Біздің қайтарып алған жерлер пайдаланылмаған жерлер. Сол себепті де қайтарылды. Келесі жылы да жұмыс жалғасын табады. Әлі де бұл іс бойынша көптеген жоспарларымыз бар», - деді ол.

Сонымен қатар, елорданың іргесіндегі елді-мекендерде ауыз су мәселесі әлі күнге дейін өзекті екенінен тоқталды.

«Ауылдар бір ғана блок модуль орналасқан. Сол жерден халық суды алып, ішіп отыр. Оның өзі тегін емес, суды сатып алады. 2022 жылы 16 наурыздағы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықты 100 пайыз таза сумен қамтамасыз етуді» тапсырған болатын. Сондықтан 2027 жылға дейін өңірлердегі барлық ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етіледі деген сенім бар», - деді Мейірхат Жанділдин.   

Сондай-ақ, ол аудан мен ауыл арасындағы жол мәселесіне де тоқталып өтті.

«Көп ауылдарда жол жоқ, қатынау өте қиын. Әсіресе, көктем, күз айларында батпақ болады. Дегенмен біздің ауылға бұл мәселе жоқ. Жол көптеген ауылдық жерлер үшін үлкен мәселе болғаннан кейін айтпай кетпеуге болмады», - деді.

Аудандар мен ауылдарда электр энергиясы мәселесін де жоққа шығаруға болмайды. Ол еліміздегі электр жұмысы 90-шы жылдарды еске салатынын атап өтті.

«Қазіргі таңда екі күннің бірінде ауылдарда жарық сөніп жатады. Соның салдарынан халықтың техникалары істен шығып, бұзылып жатады. Еліміздегі барлық электр желісін жаңарту керек, олардың басым көпшілігі ескіріп кеткен деп ойлаймын. Сәл жел соқса, электр сымдары бір-біріне тиіп өшіп қалады», - деді Мейірхат Жанділдин.

Сонымен қатар, ол ауылдардағы қаңғыбас иттер мәселесіне тоқталды. 2022 жылдың наурыз айынан бастап елімізде иттерді атуға тыйым салынды. Салдарынан қаңғыбас иттер қаптап кетті.

«Мемлекет басшысы наурыз айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заңға қол қойған болатын. Дегенмен, бұл заңды өз басым алып тастау керек деп ойлаймын. Себебі, олардан келетін қауіпті ескеріп, балаларымыздың сақтығын ойлағанымыз жөн», - деп өз ойын білдірді.

 

Миражан Махан
Бөлісу: