Ақмола облысында ұзындығы 6 шақырым болатын бөгет салынып жатыр

Кеше, 20:14 213

Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында су басу қаупі бар үш шағын ауданның тұрғын алабында бөгет салу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жұмыстың барысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі  Серік Төленбергенов танысты.

Бүгінгі таңда жұмыстың жартысынан астамы орындалды. Қорғаныс құрылғысының ұзындығы 6 шақырымнан асады, биіктігі жер бедеріне байланысты 2 метрден 5,3 метрге дейін жетеді. Сонымен қатар, көлік пен мал айдауға арналған үш өткел салынбақ.

Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Джанет Микишевтің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады. Бірінші кезең – бөгеттің негізгі бөлігін және өткелдерді салу – су тасқыны кезеңіне дейін аяқталмақ. Қазіргі уақытта аумақ бұталардан тазартылып, құнарлы топырақ қабаты алынып, инертті материалдар жеткізілуде. Жұмысқа 63 техника жұмылдырылған, олардың ішінде самосвалдар, бульдозерлер, катоктар, автогрейдерлер бар. Жоба «Демеу Қазақстан қоры» қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Өткен жылы бұл аумақта ауқымды жұмыстар атқарылып, қомақты қаржы мен адами ресурс жұмсалды. Өткен жылғы су тасқыны кезінде туындаған барлық мәселелерді ескеру қажет. Ең бастысы – жұмыстың сапалы орындалуы. Барлық мердігерлерге ескерту жасалды: қатаң бақылау жүргізілуде, бөлінген әр теңге есепте тұр, - деп атап өтті М.Ахметжанов.

Сонымен қатар, Аршалы ауданының Анар ауылдық округінде Анаркөл көліне арналған қорғаныс бөгетін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыстардың 60%-ы аяқталған, ақпан айының соңына дейін бөгеттің 90%-ы дайын болады деп жоспарлануда. Көлдің толып кетуін және бөгеттен асып-тасуын болдырмау мақсатында Анаркөл көлі бөгетінің төменгі бөлігінде 15 су өткізу құрылысы орнатылады.

Асқар Таудай
Бөлісу: