Ақмола облысында тіл жанашырлары марапатқа ие болды

17 Қыркүйек 2023, 17:52 575

Ақмола облысында тілдер онкүндігінің қорытындысы шығарылып, мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, тілдік ортаны қалыптастыру саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ ақмолалық марапатталды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап. 

Қазақстанда 2017 жылдан бері қыркүйектің 5-де тілдер күні мерекесі аталып өтіледі. Ол қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, көрнекті әдебиеттанушы және реформатор-лингвист Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылған.

Жиналғандарды тілдер күнімен аймақ басшысы Марат Ахметжанов құттықтап, тілдің ұлттың ұлы қазынасы, халықтың рухани қуатының негізі екенін атап өтті.

Елімізде жүргізіліп жатқан сындарлы тіл саясаты толерантты тілдік ортаны қалыптастырудағы маңызды құндылықтардың бірі болып табылады. Сондықтан мемлекеттік тілді басқа этностардың тілдерімен бірге дамыту мемлекет тұрақтылығының басты кепілі, - деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы.

Шарада тілдерді оқытудағы жетістіктерді графикалық түрде көрсететін стендтер, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту бойынша оқу құралдары, әдістемелік жинақтар ұсынылған көрме ұйымдастырылды.

Сонымен бірге, 10 аталым бойынша Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» арнайы сыйлығына ие болғандар марапатталды.

Облыста қазақ тілін үйрену бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 149 мектеп пен 300-ге жуық мектепке дейінгі мекеме қазақ тілінде жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 5 мектеп ашылды, оның ішінде Целиноград ауданының Өтеміс ауылында, Көкшетау және Қосшы қалаларында мемлекеттік тілде оқытатын 3 мектеп бар.

Асқар Таудай
Бөлісу: