Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында аса ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
КТК арнасының мәліметінше, қара түсті "Mercedes" көлігі жол жиегінде кетіп бара жатқан екі әйел мен екі баланы жоғары жылдамдықпен қағып өткен. Көлік қатты соққының салдарынан адамдарды қағып, олардың жан-жаққа ұшып кеткен сәті бейнебақылау кадрларынан анық көрінеді. Бұл апаттан зардап шеккендердің барлығы ауыр жарақат алған.
Атап айтқанда, 6 жасар балаға Көкшетау қаласындағы облыстық балалар ауруханасында бас сүйегінің трепанациясы бойынша күрделі операция жасалды. Гематома алынып, баланың өміріне қауіп төндірген жағдайлар жойылды. Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін хабарлап, қазір баланың жағдайы тұрақты екенін, тіпті сұрақтарға толық жауап беріп жатқанын айтты. Ертең оны бөлімшеге ауыстыру жоспарлануда.
Қалған үш зардап шеккен: бір әйел аудандық аурухананың жансақтау бөліміне, екіншісі 15 жасар жасөспіріммен бірге травматология бөліміне жеткізілді. Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары басталды. Құқық қорғау органдары апаттың мән-жайын анықтап жатыр.