Ақмола облысында халықаралық ақындар айтысы өтті

12 Қазан, 22:16 464

Ақмола облысында халық ақыны Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына орай халықаралық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс шараға Қазақстан мен Қырғызстанның айтыс ақындары мен дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері қатысты.

«Көкшенің көк семсері – Көкен ақын» атты халықаралық жыр додасында Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қонқаев, Нұрлан Есенқұлов, Аспанбек Шұғатаев сынды қазақ елінің жүйрік ақындары мен көршілес Қырғызстанның төкпе ақындары Амантай Кутманалиев, Азамат Болгонбаев, Кубат Тукешов, Нурсултан Малдыбаев, Жамайка Токонова өзара сөз сайысына түсті.

Аламан айтысқа елімізге қонақ болып келіп, екі елдің достығын нығайтуға атсалысқан Қырғыз елінің үш ақынына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Халықаралық айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізді.

Айтыста қазылар алқасының құрамында Қазақстан мен Қырғызстан елінің мәдениет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етті.

Айтыс көптеген әсерлер мен жағымды эмоциялар сыйлады. Сөз шеберлері бір-бірінен кем түспеді және шешендік өнердің импровизациялық ерекшелігін көрсетті.

Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен гран-при Қазақстаннан Мақсат Ахановқа және Қырғызстаннан Амантай Құтманалиевке берілді.

Бірінші орынға Нұрлан Есенқұлов (Қазақстан) пен Азамат Болганбаев (Қырғызстан) лайық деп танылды.

Екінші орын Аспанбек Шұғатаев (Қазақстан) пен Нұрсұлтан Малдыбаевқа (Қырғызстан) бұйырды.

Үшінші орынды Жансая Мусина (Қазақстан) мен Кубат Тукешов (Қырғызстан) иеленді.

Еларалық ақындар айтысына белсене қатысқаны үшін Мұхамед Қоңқаев (Қазақстан) пен Жамайка Токонова (Қырғызстан) марапатталды.

Зарина Арман
Бөлісу: