Ақмола облысында 3 млрд теңгеден астам негізсіз қаржыландырудың жолы кесілді

30 Қыркүйек 2023, 15:49 849

Ақмола облыстық прокуратурасы өңірдегі Целиноград ауданы Қаражар және Жаңажол ауылдарында кентішілік жолдарды салу кезінде өрескел бұзушылықтар анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мердігер ұйым үш жыл бойы асфальт төсеу технологиясын сақтамау, техникалық сүйемелдеусіз жұмыс жүргізу, құрылыс кезінде жарамсыз топырақты пайдалану арқылы көрсетілген шарттар бойынша міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін айыпталып отыр. Сонымен қатар, жұмыстар жобадан анық ауытқумен жүзеге асырылды.

Аталған бұзушылықтар уәкілетті мемлекеттік органның тексеруімен расталды. Аудан прокуратурасы қабылдаған шаралар бойынша мердігермен жасалған екі шарт бұзылып, мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арызы сотқа жолданып отыр.

 Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары тоқтатылды, аудан әкімдігі жаңа конкурс жариялау бойынша жұмыстар жүргізуде. Осылайша, осы нысандарды 3 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз қаржыландыруға жол берілмеді. Құрылыстың іске асырылу барысына тиісті бақылаудың жоқтығы үшін жауапты кінәлі тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Асқар Таудай
Бөлісу: