Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Паралимпиада ойындарында күміс медаль еншілеген Еркін Ғаббасовты құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңір басшысы өз құттықтауында спортшыны жерлестері мақтан тұтатынын атап өтті.
Еркін Ғаббасовты құрметті және көптен күткен марапатымен - Париждегі Паралимпиада ойындарының күміс медалімен құттықтаймын! Бұл сіздің табандылығыңыздың, белсенді өмірлік ұстанымыңыздың және еңбекқорлығыңыздың айқын дәлелі. Ақмолалықтар сізді мақтан тұтады.
Жаңа жарыстарда одан да биік жеңістер тілеймін, - деп жазылған құттықтауда.
Еске салсақ, Еркін Ғаббасовтың жүлдесі ұлттық құраманың Паралимпиада ойындарындағы алғашқы медалі болды.
Спортшы 10 метр қашықтыққа пневматикалық мылтықтан оқ ату бойынша Паралимпиада финалында өнер көрсетті.