Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аппараттық кеңесте барлық жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін заңдылық тұрғысынан тексеруді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, маркшейдерлік түсірілім нәтижесінде келтірілген шығын көлемі анықталды, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл деректерді қарастырып жатыр. 2025 жылдың ақпан айында пайдалы қазбаларды заңсыз игеруге және жер қойнауын өз бетінше пайдалануға қатысты үш қылмыстық іс тіркелген. Бұл істердің барлығы мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірумен байланысты.
Атап айтқанда, заңсыз құм өндіру Қабанбай батыр ауылдық округінде, Нұра өзенінің маңында анықталды. Кәсіпкер қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп, құмды цемент зауытына жеткізген. Сол аумақта тағы үш кәсіпкер дәл осындай әрекет жасаған.
Қазіргі уақытта тиісті құжаттары жоқ кәсіпорындарға қатысты келісімшарттарды бұзу шаралары қолға алынды. Бұл – өңірдегі жер қойнауын пайдаланудағы тәртіпті қалпына келтіруге бағытталған заңды қадам.
Тергеу амалдары жалғасуда, құқық қорғау органдары барлық заңбұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тартады. Мемлекеттік органдар мен жергілікті билік табиғи ресурстарды қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заңсыз кен өндірушілермен күресті жалғастырады, – деп мәлімдеді уәкілетті мемлекеттік орган.
Сонымен қатар тексеріс барысында көптеген компанияның өңірден тыс жерде тіркелгені белгілі болған. Бұл оларды бақылауды қиындатады. Осыған орай, бірқатар кәсіпорындар қайта тіркеуден өтіп, заңды жұмыс істеуге көшті.
Басқарма мәліметінше, бүгінде Ақмола облысында 11 келісімшарттық аумаққа тексеру жүргізілді, нәтижесінде төрт заңсыз кен өндіру дерегі анықталған. Оның ішінде Көкшетау және Биржан сал ауданының маңындағы жерлер бар. Жалпы тексерілген 15 аумақтың көлемі 500 гектарды құрап отыр. Бұл жұмыстарға 17 млн теңге бөлінген.
Жалпы экономикалық шығын көлемі 65 млн теңгені құрады. Жер қойнауын пайдалануда тәртіп орнату – бір күнде шешілетін мәселе емес. Дегенмен қолға алынған шаралар өз нәтижесін беруде. Маңыздысы – заң бұзушылықтарды тоқтатып қана қоймай, адал кәсіпкерлер үшін ашық әрі әділ жағдай жасау,-деп атап өтті әкімдіктен.
Айта кетейік, Ақмола облысы - табиғи ресурстарға бай өңірлердің бірі. Мұнда кең таралған пайдалы қазбалардың қоры мол, олардың қатарында қиыршық тас, құм, каолин, саз, әктас, кварцит және доломит бар. Алайда соңғы жылдары бұл байлықты заңсыз игеру күрделі мәселеге айналды. Кейбір кәсіпкерлер жергілікті биліктің рұқсатынсыз карьерлерді иемденіп, пайдалы қазбаларды өз беттерінше өндіріп жатады.
Бүгінде облыстың 19 ауданының 17-сінде жүздеген кен орны игеріліп жатыр. Әсіресе, Астананың қарқынды құрылысы заңсыз жер қойнауын пайдаланудың артуына ықпал етуде. Құрылыс материалдарына деген жоғары сұранысты қанағаттандыру үшін кейбір кәсіпкерлер құжатсыз, бақылаусыз әрекет етеді. Бұл мемлекет бюджетіне залал келтіріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кедергі жасап, жер бедерінің бұзылуына және қоршаған ортаның ластануына алып келеді.