Ақмарал Әлназарова Жетісу облысына жұмыс сапарымен барды

16 Қараша, 12:54 416

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, облыстық көпбейінді  аурухана мен перинаталдық орталықта медициналық көмек көрсету деңгейімен танысты, жергілікті денсаулық сақтауды дамыту перспективалары мен медицина саласындағы ұлттық бағдарламаларды іске асыру сапасын талқылады,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірінші кезекте ведомство басшысы Ескелді, Көксу және Жамбыл аудандарындағы үш ауылдық елді мекенде медициналық нысандардың құрылыс барысын тексерді.

Өңірде ауылда медициналық инфрақұрылымды жаңарту үшін ұлттық жоба шеңберінде 59 медициналық пункт, дәрігерлік амбулаториялар мен ФАП салу жоспарлануда, осы нысандардың барлығы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.   

Келесі нысан облыстық перинаталдық орталық болды, ол жыл сайын Алакөл, Ақсу, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Сарқан аудандарынан, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларынан 6 мыңнан астам босанатын әйелді қабылдайды. Мұнда күрделі патологиялары бар жүкті пациенттер, соның ішінде санитариялық авиация арқылы жеткізіледі.

Мұнда босанған әйелдерге уақтылы білікті көмек көрсетудің, кадрлық және техникалық қамтамасыз етудің, орталықтың жүкті әйелдерге медициналық көмекті үйлестіру бойынша МСАК ұйымдарымен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері көтерілді.

Талдықорған қалалық 370 төсектік көпбейінді ауруханасында министр заманауи жабдықтармен жабдықталған қабылдау бөлмесінің, ангиохирургиялық, урологиялық бөлімшелердің жұмысымен танысты.

Мұнда аурухананың медицина қызметкерлерімен әңгімелесуде тарифтерді ұлғайту, медицина қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын жасау бөлігінде енгізіліп жатқан инновациялар атап өтілді.

Облыс тұрғындарымен кездесуде емханалардың жұмысы, облыстың шалғай аудандарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, кадрларды тарту және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.

Министр медициналық көмектің және  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасын жақсарту үшін, оның ішінде цифрландыру бағдарламасы шеңберінде заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан әрі азаматтарды қабылдау өтті, онда ведомство басшысы түсініктеме беріп, әрбір өтінішті жеке бақылауға алды. 

Брифинг барысында журналистерге жұмыс сапарының қорытындысы шығарылып, медициналық көмек көрсету сапасы мен саланың келешегі бойынша барлық сұрақтарға жауаптар берілді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: