Ақмарал Әлназарова: Жедел жәрдем қызметінің тәртібі азаматтар үшін өзгермейді

Бүгiн, 11:40 206

Үкімет отырысының баспасөз брифингінде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметіне енгізілетін өзгерістер туралы түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, 103 қызметіне қоңырау шалып, жедел медициналық көмек сұрайтын азаматтар үшін ешқандай өзгеріс болмайды.

Сол бұрынғы тәртіп сақталады. Жедел жәрдем қызметі тиісті міндетін әрі қарай да атқара береді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты — халыққа сапалы және жылдам қызмет көрсету үшін емхана мен жедел жәрдем жұмысының тиімділігін арттыру, — деді Ақмарал Әлназарова.

Министр атап өткендей, бүгінге дейін емханалардың кейбірінде жедел қызмет көрсететін арнайы бригадалар құрылған болатын. Алайда олардың бәрі бірдей толыққанды жұмыс істемеген және көбінесе аутсорсинг әдісімен қызмет көрсетілген. Бұл өз кезегінде жедел жәрдем қызметіне қосымша салмақ түсіріп, шақыртуларға кешігіпжету жағдайларын көбейткен.

Осы мәселені шешу үшін күндізгі уақытта созылмалы аурулары бар науқастарға көрсетілетін 4-санаттағы шақыртуларды емханалардың өздері орындауы тиіс. Ал сағат 20:00-ден кейін барлық қоңырауларға жедел жәрдем қызметі толық жауап береді, — деді министр.

Осылайша, жаңа тәртіп азаматтардың шұғыл медициналық көмек алуына кедергі келтірмей, керісінше, қызмет сапасын арттыруды көздемек.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: