«Ақ жол» фракциясы мұндай өтірікті өз мойына алғысы келмейді. Азат Перуашев шындықты айтты

20 Маусым 2023, 17:17 1291

«Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы Үкіметтің 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қатысты өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қолдамайды және біз оған қарсы дауыс береміз. Бірінші себеп - Кірістердегі күмәнді жетістіктер. Үкімет есебінде бюджет кірістері артығымен орындалды деп отыр. Оның негізінде салық түсімдерінің 42%-ке және уақытша тартылған қаржының 13%-ке артуы жатыр, - деді Азат Перуашев.

Өкінішке орай, кәсіпкерлер бұл терминдердің астарында не жасырылғанын жақсы біледі.

Депутаттың айтуынша, Үкімет кез-келген мінберден бизнеске тексеру мен қысымды азайтып жатқанын мақтанып айтуда. Ал, шын мәнінде жағдай мүлдем басқа.

2022 жылы мемлекеттік кірістер органдары 20 мың салықтық тексеру жүргізді, бұл алдыңғы жылға қарағанда 24 пайызға артық. Кәсіпкерлерге 677 млрд теңгеге қосымша салық салынды, бұл алдыңғы жылдан 2,5 есе артық. Ең сорақысы - қарапайым табысы бар кәсіпорындар қысымға ұшырап, ал жөнсіз жоғары табысты секторлар «тиісуге болмайтын» болып қалуда, - дейді мәжілісмен.

Ол банктерге түсетін салық салмағы - оларға бүкіл экономика, яғни, мемлекет, бизнес пен халық төлейтініне қарамастан, небәрі 2-ден 5-ақ процентке дейін құрайтынын айтты. Пандемия кезінде де, экономика әлсіреген тұста, банктердің кірісі тек өскен болатын.

Олардың бюджетке қосқан үлесі өнеркәсіптің, құрылыстың немесе көлік саласы үлесінен аз, тіпті кәсіби және ғылыми қызметтен де кем. Ал, банкир мен ұстаздың табыстарын салыстырып көріңіз. Уақытша тартылған қаржының ұлғаюына келетін болсақ, бұл шын мәнінде бюджет үшін табыс емес, қарыз екенін түсіну керек, - дейді Азат Перуашев.

Мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ішкі өнім өсімінен әлдеқайда жоғары. Осылайша, бір жылда мемлекеттік қарыз 18 пайызға өсті. Соңғы 10 жылда сыртқы қарыз 7 есе өсті. Қарызға байланысты шығындарының жүктемесі 9 есе өсті.

«Ақ жол» фракциясы мұндай әдетті қолдауға әрине қарсымыз. Үкіметпен келіспеуіміздің екінші себебі – бюджетті жоспарлауға жауапсыздық. 2022 жылға арналған республикалық бюджет қабылданғаннан кейін соған 8 рет түзету енгізілген. Сонда да 162 млрд.теңгеге 2 түзету орындалмай қалды. Мұндай жауапсыздық - бюджеттік тәртіптің күйреуі деп санаймыз. Жеке компанияда мұндай «жоспарлау» үшін жауапты менеджмент жұмыстан шығып кетер еді, - деді депутат.

Депутат айтқан үшінші себеп – мұнайдан тыс бюджет тапшылығының артуы.

Былтырғы жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде мұнайлық емес тапшылық бекітілген 7 трлн теңгенің орнына 9,3 триллион теңгеге, яғни 25 процентке дейін ұлғайтылды. Бұл «бармақ басты, көз қысты» деп аталады дейді мәжілісмен.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық экономика министрлігі президент Қ.Тоқаевқа 2022 жылы мұнайлық емес тапшылық 5,1%-ке дейін төмендейді деп уәде берген болатын. Бірақ шын мәнінде, ол керісінше, 2 есе өсті. Ал, Парламентке оны қабылдап, сол арқылы заңдастыруды ұсынуда. Ақ жол фракциясы мұндай өтірікті өз мойына алғысы келмейді, - деді Азат Перуашев.

Төртінші себеп – Ұлттық қорды талан-таражға салу.

Үкімет Ұлттық қордан бөлінген қаражатты стратегиялық мақсаттардың орнына ағымдағы күн көріске - зейнетақы, әлеуметтік шығындарды төлеуге, тіпті несиеге жұмсауда.

Сонымен қатар, ашық ақпарат бойынша, былтырғы жылдың нәтижесінде Ұлттық қорды басқарудан 1 трлн 400 млрд тенге көлеміндегі рекордты зардап тіркелді. Годунова ханымның мәліметінше, мұндай тәсілдермен Ұлттық қордың болашағы өте күмәнді. «Ақ жол» фракциясы мұндай ысырапшылықты мақұлдауға әрине қарсы.

Бесінші себеп – квазимемлекеттік сектордың масылдық рөлі.

Бұл сектор жиырма  жыл бұрын мемлекеттік кірістерді тиімді басқару мен арттыру үшін құрылған.

Депутаттың айтуынша, кезінде Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік қаржыландыруды қысқартып, бюджетке квазимемлекеттік сектордың үлесін арттыруды тапсырған. Оның орнына былтыр квазимемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыру көлемі 38%-ға өсті – 722 млрд теңгеден 1 трлн астам теңгеге дейін.  Дегенмен, халық үшін соның нәтижесінің өзі өте күмәнді.

2020 жылы Мемлекет басшысы ұлттық компаниялардың табысының 100 пайызын бюджетке аудару туралы тапсырмасын берді. Бірақ іс жүзінде 12% ғана түскен.  Ал «Самұрық-Қазына» қоры былтырғы жылы 1 триллион 600 миллиард теңге тапқан кірістен, - бюджетке 170-ақ миллиард теңге, яғни 10 пайыз ғана дивиденд төледі. Түсінесіздер ме? Мемлекет - холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөлсе, ал олар бюджетке 6 есе аз қайтарып жатыр.

Қалған триллиондарды Үкімет пен ұлттық компаниялар өз қалауы бойынша, парламентке көрсетпей жұмсауда. Ал, сонда «ықпалды парламент» пен «есеп беретін үкімет» қайда? Жоғарыда айтқанымды ескере отырып, «Ақ жол» демпартиясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамайды және де соған қарсы дауыс береді, - деді Азат Перуашев.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: