Апта күндері туралы ұлттық таным

27 Қазан 2017, 18:58 58636

Аптаның жеті күніне қатысты танымымыз туралы айтылатын негізгі ойлар.

Аптаның жеті күніне байланысты қазақ халқының сан ғасырлық қалыптасқан салт-дәстүрі бар және мұны біле жүрген дұрыс болмақ. Әр кезеңде апта аттарын ата-бабаларымыз әр түрлі атап келген. Қазіргі күні қазақтарда ауызекі түрде апта күндерін атаудың үш түрлі нұсқасы кездеседі. Бірінші, көне ғадетпен, бірінші күн, екінші күн, үшінші күн, төртінші күн, бесінші күн, алтыншы күн, жетінші күн деп реттік сан есіммен атайды. Екіншіден, понедельник, вторник т.б. апта күндерінің орыс тіліндегі аталымын пайдалану кеңінен етек алған. Ең негізгісі, яғни, ресми, әдеби нормаланған, парсы тіліндегі нұсқасы. Яғни, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.

ДҮЙСЕНБІ (парсыша – үшінші күн). Әр күннің өзіндік мәні бар деп білген халқымыз ДҮЙСЕНБІ күнін АУЫР КҮН деп атайды. Сенбі, жексенбі күнгі демалыстан кейінгі жұмыс аптасының басы болғандықтан, осылай атау кейінгі ғасырларда қалыптасса керек.

СЕЙСЕНБІ (парсыша – төртінші күн). Сейсенбі күні – қазақ ұғымында сәтсіз күн. Осылай ырым етіп, жасаған іс қырын кетеді деп есептегендіктен, игі істерді бастай бермейді. Алыс сапарға шығу, көшу, ойын-той өткізу, қыз ұзату, келін түсіру т.б. салттық-ғұрыптық істерді жасаудан мейлінше тартынады. Тым болмағанда, сейсенбі күні күн бесіннен ауғаннан кейін ғана іс бастап, жолға шығып жатады. Сейсенбі күнін керісінше, сәтті күнге балап, барлық игі істерді осы күні бастайтын рулар, әулеттер, отбасылар туралы айтылады. Осыған қарап, «сейсенбі – сәтсіз күн» деген – халық санасындағы негізсіз ұғым деп түсінуге болатын сияқты.

СӘРСЕНБІ (парсыша – бесінші күн). Сәрсенбіні жеті күндік жүйенің ішіндегі ең сәттісі деп білетін қазақтар өздері ойлаған игілікті істерін бастауға, жүзеге асыруға тырысады. «Сәрсенбі – сәтті күн» деген тіркес осыған байланысты айтылады.

БЕЙСЕНБІ (парсыша – алтыншы күн). Аптаның төртінші күнін қазақтар «кіші жұма» деп те атайды. Жұма күні жүрілетін кейбір исламдық рәсім-жоралғылар бейсенбіде атқарыла береді. «Бейсембі мен жұмада бастап жауған жауын-шашын бір аптаға созылады», - деген ұғым да бар.

ЖҰМА. Жұма күні – ислам дінін ұстанатын халақтар, соның ішінде қазақтар үшін – ерекше күн. Ислами түсінік бойынша, адамзат осы күні жаратылған, қиямет-қайым, адамдардың қайта тірілуі мен есеп беру күні де осы күні болады деп есептеледі. Жұма күні үй-жайға, жеке басқа тазалық жүргізіп, дін ұстайтын қауым мешіттегі жұма намазға баруы сүннет саналады. Жұма күні таза киініп мешітке барып, жұма намазға қатысу парыз деп саналады. Бұл халқымызда ислам діні қалыптастырған дәстүр.

СЕНБІ (парсыша – бірінші күн). Сенбіні қазақтар «кіші жексенбі», «жарты азат» күні деп атаған. «Жарты азат» дейтіні – сенбі күні негізінен түске дейін жұмыс істейтіндігін меңзегені болса керек.

ЖЕКСЕНБІ (парсыша – екінші күн). Қазақтардың күн санау жүйесіндегі ең соңғы күн. «Жексенбіде жер-жаһан жаратылыпты» деген ұғым бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ.с): «Жексенбі – ежелден сәтті күн. Жұма – мұсылмандардыкі, сенбі – яхудилердікі, жексенбі – христиандардыкі», - деген екен. Христиан дінін ұстанатын халықтардың үрдісімен, бүгіндері Жер шары тұрғындарының көп бөлігі жексенбі күні демалады. Мұны Еуропа мен АҚШ-тың саяси-экономикалық гегемондығымен түсіндіруге болады.

Жеті күнге қатысты қазіргі танымымыз туралы айтылатын жайлар негізінен осы болмақ.

Бөлісу: