Apple жаңа өнімдерін таныстырды: iPhone 6s, iPad Pro ерекше назарда

29 Қыркүйек 2015, 04:05

9 қыркүйек күні Apple өзінің дәстүрлі баспасөз-конференциясын өткізіп, жаңа өнімдерін таныстырды.

9 қыркүйек күні Apple өзінің дәстүрлі баспасөз-конференциясын өткізіп, жаңа өнімдерін таныстырды. Олардың қатарында: iPhone S6 және 6S Plus cмартфондары, iPad Pro планшеті, жаңарған Apple TV телевизия приставкасы, iOS 9 операциялық жүйесі және т.б. Apple жаңа өнімдеріне қатысты осыған дейінгі болжамдардың барлығы рас болып шықты.  

Алқызыл iPhone 6s және  iPhone 6s Plus

Жаңа смартфондар iPhone 6 и iPhone 6 Plus нұсқаларын алмастырмақ. Ақ, қара және алтын түсті нұсқаларға жаңа «алқызыл алтын» (rose gold) түсі қосылады.

Басу күні айыра алатын модернизацияланған сенсорлық экран  – iPhone 6s смартфондарының негізгі ерекшелігі. Функция 3D Touch атауына ие болған. Apple осы жүйелерді смартфонға біріктірген алғашқы компания болады деп күтілген, алайда оларды қытайлық Huawei компания шаң қаптырып кетті. Олар бұдан бұрын IFA-2015 көрмесінде дәл осындай дисплейі бар Mate S моделін ұсынған болатын.

Екінші жаңалық – 12 мегапиксельдік  iSight артқы камерасы. Алдыңғы 4 нұсқада 8 мегапиксельдік камера болатын. Жаңа камера 4K өлшемінде өте сапалы видео түсіруге мүмкіндік береді. Алдыңғы камера да жаңарған. Оның өлшемі – 5 мегапиксель.

Ең төмеңгі есте сақтау жады – 16 гигабайт.  

Жаңа 6s модельдері сатылымға 25 қыркүйек күні түседі. Алғашқы болып жаңа смартфондары –  Австралия, Канада, Қытай, Франция, Германия, Гонконг, Жапония, Жаңа Зеландия, Пуэрто-Рико, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің дүкендерінде пайда болмақ.

Платформа

iOS 9 мобильді операциялық жүйесінің жарыққа шығатын күні белгілі болды. Ол 16 қыркүйектен бастап жүктеп алуға қолжетімді болмақ.

Адам дауысын айырып танитын Apple TV

Apple TV телевизиялық приставкасының жаңа нұсқасы шықты. Ол Siri (ағылш. Speech Interpretation and Recognition Interface – Дауысты айырып тану және түсіндіру) арқылы адам дауысын айырып тани алады. Басқару пульті сенсорлық панельмен жабдықталған. Бағасы – 150 доллар шамасында. Apple TV үшін iOS негізінде жаңа TV OS операциялық жүйесі жасалған. Телевизиялық приставка қазан айының соңында қолжетімді болмақ. Еске сала кетейік,  Apple соңғы рет приставканы 3,5 жыл бұрын ғана жаңартқан.

Қарындашы  бар  iPad Pro

Әдетте Apple жаңа iPad планшеттерін қазан айында таныстырылатын. Алайда дәл осы іс-шарада компания өзінің өлшемдері үлкейген планшетін халыққа көрсетуді жөн деп тапты. Экран диагоналі – 12,9 дюйм. Құрылғыға А9Х жаңа процессоры орнатылмақ. Жылдамдығы бойынша ол алдыңғы А8Х-тен 1,8 есе мықты. Аккумулятор 10 сағат тоқтаусыз жұмыс істей алады. Apple өкілдерінің айтуынша, iPad Pro соңғы 6 айда шығарылған ноутбуктердің 80 пайызынан жылдам, ал графикалық мүмкіндіктері бойынша тіпті жаңағы құрылғылардың 90 пайызынан асып түседі. iPad Pro үшін жасалған Smart Keyboard пернетақтасы да таныстырылды. Бұл аксессуар құрылғыға Smart Connector технологиясы арқылы жалғанады. Халық назарына ұсынылған тағы бір аксессуар – Pencil стилусы (қарындаш). Ол басу күшіне және жанасу бұрышына өте сезімтал. Экранды басқару үшін оны саусақпен де, стилуспен де басуға болады.

iPad Pro сатылымға қараша айында түседі. 32 гигабайт жады мен Wi-Fi модулі бар базалық комплектацияның құны – 800 доллар, 128 гигабайт жады, Wi-Fi мен 4G-модулі бар комплектациясының құны – 1080 доллар.

Стилус бағасы – 100 доллар, пернетақта – 170 доллар. Бұл екі аксессуар да сатылымға қараша айында түседі.

Алтын реңктері бар Apple Watch

Apple Watch үшін бірқатар жаңа қосымшалар бейімделген. Таныстырылым кезінде Airstrip медициналық қосымшасына басымдық берілді. Ол қан  қысымы мен пульсін тұрақты түрде көрсетіп емделушінің денсаулық жағдайын қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді.

Компания Apple Watch қол сағатына арналған белдікшелердің бірқатар жаңа модификацияларын және түстерін көрсетті. Теріден жасалған белдікшелердің үш түрін Hermes компаниясы әзірлейтін болды. Өзге де таныстырылған нұсқалардың ішінде «алтын» және «алқызыл алтын» реңкі бар Apple Watch Sport бар. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: