Apple iPhone-ның жаңа нұсқасын таныстырды

10 Қыркүйек 2014, 12:09

2014 жылы 9-қыркүйекте Купертино қаласында (АҚШ) Apple компаниясы өзінің жаңа өнімдерін таныстырды. Күтілгендей, жаңа iPhone 6 және iPhone 6 Plus алдыңғы нұсқаларға қарағанда үлкенірек.

Apple iPhone-ның жаңа нұсқасын таныстырды

2014 жылы 9-қыркүйекте Купертино қаласында (АҚШ) Apple компаниясы өзінің жаңа өнімдерін таныстырды. Күтілгендей, жаңа iPhone 6 және iPhone 6 Plus алдыңғы нұсқаларға қарағанда үлкенірек. Смартфондар туралы ақпараттың басым бөлігі презентацияға дейін белгілі болған. Алайда негізгі көрсеткіштері белгісіз болып қала берген. Таныстыру кезінде смартфонға қатысты барлық аңыздар сейілді.

Apple презентациясын журналистер мен технология саласының мамандары асыға күтеді. Себебі, компания өз өнімдеріне әрдайым жаңашылдық еңгізіп отырады. Және әрбір презентациясы шоу ретінде өтеді. Flint Center өнер орталығында осыдан 30 жыл бұрынСтив Джобс Apple-дің революциялық өнімі, Mac компьютерін жұртшылыққа таныстырған еді. Осы жағдай адамдар арасында 9-ы күні ұсынылатын жаңа өнімдерге деген қызығушылықты арттыра түсті.

Сонымен, ортаға Тим Кук шығып, iPhone 6 мен iPhone 6 Plus құрылғыларының таныстыруын бастап кетті. Бұл Apple тарихындағы болған ерекше бет бұрыстардың бірі. Осы уақытқа дейін iPhone-ның көлемі бойынша екі нұсқасы болмаған еді. Әдеттегі кішкентай көлемді емес, iPhone 6 экраны 4,7 және iPhone 6 Plus-та 5,5 дюймге дейін үлкейтілді. iPhone 6 өлшемдері - 138x67 миллиметр болды. Ұсынылған смартфондардың екеуінің де қалыңдығы кішірейген. (сурет) iPhone 6 Plus толыққанды фаблетке айналды. Салмағы 172 грамм, көлемі 158х78 миллиметрге тең келеді. Жаңа құрылғыларға арнайы интерфейс жасалмайды.  Apple-дің үлкен моделі экранының кеңейтілімі Retina HD деп аталады, бірақ кәдімгі Full HD (1920-ға 1080 нүкте). iPhone 6 кіші нұсқасында 1334-ке 750 нүкте сәйкес келеді.  

Сурет: Justin Sullivan / Getty Images / AFP

Смартфондарға жаңа A8 процессоры орнатылған. Алдыңғы нұсқалардағы процессорлардан 25%-ға жылдамырақ жұмыс істейді. Аталған А8-ге қосымша ретінде М8 қозғалысты бақылау процессоры қосылған. Бұл смартфон иесінің кеңістікте қозғалуын анықтап отыру үшін пайдаланылады.

Камера 8-мегапиксельді болып қала береді. Бірақ iPhone 6 Plus да түсірілімді тұрақты ұстап тұру қызметі қосылған. Бұл артықшылық панорама түсіру, макротүсірілім кезінде байқалады.

Жағымды жаңалық ретінде құрылғылардың автономды жұмыс істеу уақыты артуын атап өтуге болады. Аудио тыңдау режимінде iPhone 6 50 сағат, ал iPhone 6 Plus 60 сағат жұмыс істейді. Видео көру режимінде, сәйкесінше 11 және 14, wi-fi пайдалануда 11 және 12 сағат, 3G-де – 10 және 12 сағатты құрайды. iPhone 5S-те  аталған режимдерде жұмыс істеу 40, 10, 10 және 8 сағат болатын.  

Алдыңғы смартфон нұсқалары секілді 3 түс – алтын, күміс және сұр күйінде болады. Сонымен қатар осы нұсқаларда 128 гигабайттық смартфон шығарылады.

iPhone 6 мен iPhone 6 Plus сатылымға бір уақытта шығады. Смартфонға алдын ала ұсынысты 12 қыркүйекте, ал 19 қыркүйекте сатып алуға болады. АҚШ-та жаңа құрылғылар құны анықталды. Әдеттегідей контрактімен бірге құны ұсынылды. Алдағы апталарда контрактісіз құнын күтетін боламыз. Қазақстанда ресми сатылымы қашан болары әзірге белгісіз. Бірақ Apple өнімі 114 мемлекетте ресми сатылады деп жоспарлануда. 

Бөлісу: