26 Тамыз 2014, 14:23
Апиын – адам мен малға күшті әсер ететін емшілікте қолданылады. Әдетте, көкнәрдан жасалады. Сондықтан да, апиын көкнәр немесе бұқатек деп те аталады.
Апиын жинау. Хлудов Н.Г. 1911 ж.
ҚР МОМ қорынан (КП 3633)
Көкнәрдің оншақты түрі бар, соның ішінде емдік қасиеті барлары Қазақстанның оңтүстігі мен таулы аудандарында өседі. Алатау өңiрiнде малдың көкнәрдан уланып, қырылғаны туралы мәліметтер кездеседі. Оған уланған адамның да, малдың да есiрген күй кешетіндігіне байланысты осындай улы өсімдік түрлерін қазақтар жынды шөп немесе жаман шөп деп атаған.
Сонымен бірге, көкнәрдің (бұқатек) шипалық қасиеті де болды. Оны бас ауруы, етеккір шаншуы, ұзақ уақыт жөтелу, демікпе, үлкен дәреттің қан аралас келуі және шауқат тоқтамау тәрізді сырқаттарға қарсы қолданды. Қажетті дәрі жасау үшін жаз айларында көкнәрдің қауашақ тәрізді жемісінен сүт тәрізді ақ шырынын бөліп алып, өңдеді. Өңделген өнім апиын деп аталды. Өкпенің құрт ауруына қарсы ауруды шалқасынан жатқызып, кеңірдегін тесіп, қамыс түтігімен өкпеге апиын жіберсе, ол денеге жайылып, өкпеге түскен құртты өлтіреді деп санаған. Ауыр жарақат алып, аурудың қатты батқанын сездірмес үшін апиын ішкізді. Жазылмайтын жара, соқталы ірің және қуық тұтығудың асқынуы кезінде жылқының құрғақ құмалағының ортасын тесіп, оған апиын салып тұтатып, түтінімен дененің ауырған тұсын ыстаған. «Марту басқан» деп есептеліп, тұра алмай, жүрiсінен жаңылып, жем-суға зауқы соқпай, жатып қалған сиырдың өне бойын, әсіресе, желiні мен сауырын шөппен ысқылап, апиын түтiнiн иiскеткен. Қосымша, меңдуана немесе ермен түтiнiмен де ыстап емдеді.
ХІХ ғ.-дың соңында Жетісу өңіріне Қытайдан қоныс аударған ұйғырлар мен дұнғандар жабайы көкнәр түрлерін өсіру мен сатуды кәсіпке айналдыра бастаған. Осы кезден бастап қазақтар көкнәрді қолдана бастады: оның тоты деген түрін бояу өндірісіне пайдаланды.
Көкнәрді құмарлық ретінде қорқор деген аспаптың көмегімен темекі тәрізді тартатын болған. апиын-ға улану жайты да болып тұрды. Оған уланған адамға сүт беріп емдеді. Сондай-ақ, асқабақтан арнайы тағам беріп те емдеген. Қазақы ортада апиынды бейсауат пайдалануға қатаң тыйым салынды. Егер тыйым әсер етпесе кінәлі әдеттік құқық бойынша қатаң жазаланды. Жоғарыда айтылғандай, оны тек ем ретінде қолданды. Ішінара апиынды ішіп, құмарлыққа берілген адамдарды қазақ апиынкеш (апиыншы), кейбір өңірлерде бәңші деп атаған.
Әдеб.: Смирнов Е. Сыр-Дарьинская область по официальным ис- точникам. СПб., 1887; С.апиын Киргизский способ лечения от чахотки // ТВ. 1903. №87; Қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілер. Құраст. апиынҚұнапияұлы. Үрімжі, ШҒТДСБ, 1989; Хлудов Н.Г. Шығармалар каталогы: кескіндеме және графика (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Жобаның жетекшісі, кіріспе сөзінің авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: Эффект, 2003.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»