Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері марапатталды

Бүгiн, 00:25 77

Алматыда Апаттар медицинасы орталығының 30 жылдығына арналған марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Салтанатты шарада Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Кеген Тұрсынбаев Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың атынан Апаттар медицинасы орталығының ұжымын құттықтап, қызметкерлерге грамоталар мен медальдарды тапсырды. Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада Қорғаныс, Денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Қызыл Жарты Ай қоғамы, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық, Қазақстан-Ресей медициналық университеттерінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

ТЖМ мәліметінше, жылдар бойы Апаттар медицинасы орталығының мамандары ең ірі төтенше жағдайлардың  медициналық-санитарлық зардаптарын жоюға қатысып, оқиға орнында алғашқылардың бірі болып келеді. Олар шұғыл түрде ТЖ пайда болған аймаққа жіберіліп, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылады.

Шет мемлекеттердің сұранысы бойынша орталықтың мамандары ауқымды ТЖ зардап шеккен адамдарға, атап айтқанда Ауғанстанға, Түркияға және басқа елдерге көмек көрсету үшін шетелге де барды. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері еліміздің әр аумағында тәулік бойы режимде жұмыс атқарып келеді. 

Перизат Саденова
Бөлісу: